Экономика
Тренд

Су мен жарық бағасы тағы өсетін болды

Ұлттық экономика министрлігі коммуналдық тарифтерді 2029 жылға дейін біртіндеп көтерудің ұзақ мерзімді жоспарын бекітті, деп хабарлайды tiek.kz.

Жоспарға сәйкес, алдағы жылда коммуналдық қызмет тарифтері кезең-кезеңімен қымбаттайды.

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, баға күрт шарықтамайды. Халыққа түсетін қаржылық салмақ бірнеше жылға бөлінеді. Негізгі мақсат – тозығы жеткен коммуналдық және энергетикалық желілерді жаңарту.

Министрлік жаңа тарифтерді есептегенде бірнеше фактор ескерілетінін мәлімдеді. Біріншіден, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың операциялық шығындары өсіп жатыр. Бұған қызметкерлердің жалақысы, арнайы техника мен құрал-жабдықтардың қымбаттауы кіреді.

Екіншіден, энергия өндіруге қажет стратегиялық тауарлардың, яғни көмір, мазут, газ сияқты ресурстардың бағасы да есепке алынады.

Үшіншіден, энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба аясында ауқымды инвестиция тарту көзделген.

Ведомство мұны халықтың қалтасына бірден салмақ салмай, бөліп төлеу қағидасымен іске асырмақ. Мысалы жылу электр орталығын немесе жылу желісін күрделі жөндеуге бірден 5 миллиард теңге қажет болса, оның толық сомасы сол жылғы тарифке енгізілмейді. Тек бір бөлігі, шамамен 500 миллион теңгесі ғана есепке алынып, қалған инвестициялық жүктеме келесі жылдарға бөлінеді.

Жылу тарифі:

  • 2026 жылы – 10%;
  • 2027 жылы – 17%;
  • 2029 жылы – 11% өседі.

Нәтижесінде 2029 жылдың соңына қарай жылу тарифі қазіргі базалық деңгеймен салыстырғанда шамамен 65% қымбаттайды.

Электр энергиясы тарифі:

  • 2026 жылы – 11%;
  • 2027 жылы – 14%;
  • 2028 жылы – 15%;
  • 2029 жылы – 16% өседі.

Осылайша, соңғы тұтынушы үшін электр энергиясының жалпы құны шамамен 70% артуы мүмкін.

Су тарифі екі есе өседі. Бұл бағытта тарифтер жыл сайын орта есеппен 20% көтеріледі.

2029 жылға қарай су тарифі екі есе, яғни 100% өседі деп болжанған.

Тимур Қосымбаевтың айтуынша, бұған Қазақстанда судың базалық құнының тым төмен болуы себеп. Қазір коммуналдық төлемдер құрылымында суға төленетін орташа сома шамамен 1200 теңге. Бұл су тазарту мен оны тұтынушыға жеткізуге кететін негізгі шығындарды да толық жаппайды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button