Экономика

Банкроттықты рәсімдеу процесі жеңілдеді

Бұрын банкроттыққа қатысты көптеген құжаттар мен өтініштер қағаз түрінде немесе әртүрлі ақпараттық жүйелер арқылы тапсырылса, бүгінде рәсімдердің негізгі бөлігі электрондық форматқа ауыстырылған.

Қазақстанда банкроттық рәсімдерін толық цифрландыру бағытындағы жұмыстар біршама жеңілдетіледі, деп хабарлайды tiek.kz. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәліметінше, бұрын банкроттыққа қатысты көптеген құжаттар мен өтініштер қағаз түрінде немесе әртүрлі ақпараттық жүйелер арқылы тапсырылса, бүгінде рәсімдердің негізгі бөлігі электрондық форматқа ауыстырылған.

2024 жылдың қазан айынан бастап заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін оңалту және банкроттық рәсімдері Салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн форматта қолжетімді болды. Бұл рәсім әкімшілері, кредиторлар және мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимылды едәуір жеңілдетті.

2026 жылдың басынан бастап қосымша электрондық сервистер енгізілді:

банкроттық рәсімдер бойынша хабарландыруларды автоматтандырылған түрде қабылдау және жариялау;
оңалту және банкроттық рәсімдерінің барысы туралы өзекті ақпаратты алу мүмкіндіктерін кеңейту;
борышкерлерге қатысты қолданылып жатқан рәсімдер бойынша мәліметтерге электрондық қолжетімділікті қамтамасыз ету.

«Жаңа цифрлық шешімдер тәжірибеде белсенді түрде қолданылып келеді. Тек 2025 жылдың ішінде рәсім әкімшілері оңалту және банкроттық рәсімдерінің барысы туралы 3 мыңнан астам өзекті мәліметті орналастырған. Жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерін жетілдіру жұмыстары да жалғаады. Qoldau жүйесінде кредиторлар үшін мемлекеттік кірістер органдарының шешімдеріне келіспеген жағдайда шағымдарды электрондық форматта беру мүмкіндігі іске асырылды», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, комитет банкроттық рәсімдеріне қатысушыларға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде негізсіз өтініштердің саны азайып, азаматтардың өтініштерін қарау мерзімі қысқарып, рәсімдердің тиімділігі артқан.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, цифрландыру құжат айналымын қысқартып, ақпарат алмасу үдерісін жеделдетуге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ банкроттық рәсімдерінің ашықтығы мен ыңғайлылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button