Қоғам
Тренд

Ел тұрғындары сәбиін құшағына алып курьер болып жүрген әйелді іздеп жатыр

Бірі қаржылай көмек көрсетуді ұсынса, енді бірі азық-түлік, балалар киімі мен қажетті заттарды беруге ниетті екенін жазған.

Threads әлеуметтік желісінде арқасына курьерлік термосөмке асынып, қолына сәбиін көтеріп жүрген әйелдің суреті кеңінен таралып жатыр.

Желі қолданушыларының айтуынша, әйел жаяу курьер болып жұмыс істейді.

Жарияланым авторы әйелдің жеке басы әзірге анықталмағанын айтып, оған қолдау көрсету үшін байланыс орнатуға көмектесуді сұраған. Осыдан кейін жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, мыңдаған қолданушының назарын аударды.

Фотода арқасына жеткізу сөмкесін асынған әйелдің қолында нәресте ұстап тұрғаны көрінеді. Бұл көрініс көпшіліктің жүрегіне әсер етіп, түрлі пікірлердің туындауына себеп болды.

Желі қолданушылары әйел мен оның баласына көмектесуге дайын екендерін білдіруде. Бірі қаржылай көмек көрсетуді ұсынса, енді бірі азық-түлік, балалар киімі мен қажетті заттарды беруге ниетті екенін жазған. Сондай-ақ әйелді танитын адамдар болса, хабарласуын сұрағандар да көп.

Талқылау барысында қолданушылар әйелдің отбасылық жағдайына қатысты сұрақтар көтеріп, оның не себепті сәбиін құшағына алып жұмыс істеуге мәжбүр болғанын білгісі келетіндерін жеткізді.

Қазіргі уақытта әйелдің кім екені ресми түрде анықталған жоқ. Соған қарамастан, әлеуметтік желі қолданушылары оған қолдау көрсету мақсатында жазбаны бөлісуді жалғастырып жатыр.

Дереккөз: Адырна.кз

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button