«Аусылдан қауіптеніп отыр»: Қытайға береміз деген 1500 киіктің жайы не болды?
Өткен жылы Тоқаев Қытайға 1,5 мың киікті сыйға тарту туралы шешім қабылдаған еді.

Қытайға береміз деген 1500 киіктің мәселесі әлі шешілген жоқ. Қазақстан тарапы беруге даяр болғанымен, алушы жақ әлі нақты шешім қабылдай қоймаған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Нұркен Шәрбиев мәлім етті, деп хабарлайды tiek.kz.
Шәрбиевтің айтуынша, бұл мәселенің өз талаптары бар.
«Бұл сұрақ әлі де белгісіз. Қытай тарапы барлық мәселені толық шешкен жоқ, олардың өз ішкі талаптары бар. Ең басты талап — аусыл (ящур) ауруынан таза аймақ мәртебесін алу еді. Біз бұл мәртебені өткен аптада ғана алдық. Енді Қытай тарапы осы жағдайды ескере отырып, тиісті шараларды қабылдауы тиіс дейді», — дейді Нұркен Шәрбиев.
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев екі елдің ғалымдары бірлесіп, зерттеулер жүргізіп жатқанын айтқан еді.
«Биыл 400 бас киік жіберіледі. 1500 киікті бірден бере салмаймыз. Себебі, топырлатып бәрін беруге болмайды. Шөбі, жері, топырағы деген факторлар бар. Жерсіну керек. Оны қытай мамандары да жақсы түсініп отыр. Бәрі дұрыс болса, қалғанын жібереміз. Жұмыстар екі-үш жылға созылады», — деп жауап берген еді тілшіміздің сауалына.
Еске сала кетейік, өткен жылы Тоқаев Қытайға 1,5 мың киікті сыйға тарту туралы шешім қабылдаған еді. Бұл бастама Қытайдың батыс бөлігінде жойылып кеткен киіктер популяциясын қайта қалпына келтіруге көмектесу мақсатында жүзеге асырылуда. Жануарларды беру механизмі бойынша арнайы тараптар жұмыс істеуде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



