Экология

Қазақстандағы Ресей салатын АЭС жобасының құны қанша?

Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасы туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасының жалпы құны шамамен – 16,4 млрд доллар деп бағаланып отыр.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Агенттік мәліметінше, қаражаттың негізгі бөлігі энергоблоктар құрылысына бағытталады.

«Негізгі қаражаттың басым бөлігі, яғни шамамен 14,4 млрд доллар энергоблоктар құрылысына жұмсалады. Тағы 2 млрд долларға жуық қаражат инфрақұрылымға, қауіпсіздік жүйелеріне және кепілдік кезеңіне арналған отынға бағытталады. Жобаның жалпы көлемі шамамен – 16,4 млрд доллар», – деп хабарлады Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің келіссөздері қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастық қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ АЭС жобасын қаржыландыру үшін Қазақстанға Ресей мемлекеттік экспорттық кредитін беру туралы жеке келісім мақұлданды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button