Тубдиспансер санитарлары өтемақысын ала ала ма? — Министрліктің жауабы

Астанадағы санитарлар төңірегіндегі даулы мәселеге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай пікір білдірді.
Вице-министрдің айтуынша, санитарлардың даулап жүрген 7 жылдық өтемақысын қайтаруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Мәселенің түп-төркіні Үкімет қаулысында жатыр.
«Менің білуімше, бүгінде бұл мәселе Еңбек министрлігінің жұмыс тобында қаралып жатыр. Қазір бұл бағытқа басқа вице-министр жетекшілік ететіндіктен, менде толық әрі өзекті ақпарат жоқ. Әрине, мәселені қайта қарауға болады, бұл шешілетін жайт. Бірақ бұл өзгерістердің кері күші бола ма? Егер кері күші болмаса, жаңа ережелер өзгеріс енгізілген сәттен бастап қана күшіне енеді. Ал бұған дейін төленбеген өтемақылар мәселесі ашық қалады», — дейді Виктория Шегай.
Вице-министрдің айтуынша, заңның кері күші жоқ. Түзетулер қазір қабылданған күннің өзінде, олар тек сол сәттен бастап қана күшіне енеді. Яғни өткен 7 жыл (2017–2024 жылдары аралығы) үшін өтемақы мен жарналарды қайтару мүмкін емес.
«Бұйрық — зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстардың, қызмет түрлері мен өндірістердің тізбесін қарастыратын үкімет қаулысы. Оның процедуралық жағы былай жүреді: жұмыс беруші алдымен жұмыс орнын аттестациядан өткізеді. Аттестация қорытындысы бойынша зияндылық деңгейі белгілі бір дәрежеде (шамамен төртінші немесе одан жоғары) бекітілуі тиіс. Кейін бұл мәселе көп сатылы сұрақтардан өтіп, үшжақты комиссиялардың қарауына шығарылғаннан кейін ғана мақұлданады», — дейді ол.
Бұған дейін Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық фтизиопульмонология орталығының» санитар қызметкерлері өздеріне тиесілі төлемақысын ала алмай жүргенін айтқан едік. Оларға зиянды еңбек жағдайлары үшін өтемақы, 5%-дық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және 55 жаста жеңілдікпен зейнетке шығу мүмкіндігі берілмеген.
Мекеме басшысы қауіпті еңбек жағдайында (1-3 топтағы патогенді микроорганизмдермен) жұмыс істейтін кіші медицина қызметкерлеріне міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (5% МКЗЖ) төлеуден бас тартқан.
Жұмысшылардың айтуынша, еңбек шарттарында жұмыс жағдайы «зиянды» деп тайға таңба басқандай көрсетілгенімен, басшылық оларды «медицина қызметкері емес» деген желеумен заңды төлемдерден қағып отыр.
Қызығы, кейбір санитар қызметкерлерге бұл үстемеақы төленген. «Біз дәрігерлер мен медбикелермен бір бөлмеде, бір ауамен тыныстап жүрміз. Бірақ оларға барлық өтемақы төленеді, ал бізге ештеңе жоқ», — дейді санитарлар. Көпшілігі 50-60 жас аралығындағы әйелдер.
Санитарлардың айтуынша, бір бөлімде жұмыс істейтін төрт санитардың екеуіне арнайы сүт беріліп, екеуіне «аттестациядан өтпеді» деген желеумен берілмеген. Ал басқа өңірлерде — Орал, Семей қалаларындағы әріптестері осы заңға сәйкес 55 жаста зейнетке шығып жатыр.
Ең сорақысы — 5%-дық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының төленбегенін олар зейнет рәсімдеуге барғанда ғана білген. Мекеме басшылығы «сендер науқастармен 80% уақыт байланыста болмайсыңдар» деген хаттама шығарып, оларды тізімнен алып тастаған.



