Ауылдан хат
Тренд

Аусыл әлде пастереллез?: Қостанайдағы жұмбақ індеттің құпиясы қашан ашылады

Шаруалар мұндай клиникалық көріністер бірден аусыл ауруының күдігін тудыратынын айтады, алайда шенеунікер басқаша айтып отыр.

Қостанай облысының Жангелдин ауданында сиырлар арасында аусылға ұқсас ауру тарап жатыр. Тұрғындардың айтуынша малдың аузына ойық жара шығып жайыла алмай қалған. «Сілекей ағып, өліп жатыр. Ауру киіктен тарап жатыр ма деп күдіктенеміз, өйткені киік деген малмен бірге жайылып, төңіректе қаптап жүр» дейді шошынған тұрғындар.

Тұрғындардың айтуынша, сиырлардың қызуы көтеріліп, ауыз қуысында жаралар пайда болған. Мұндай клиникалық көріністер бірден аусыл ауруының күдігін тудырған. Себебі, аусыл өте тез жұғатын әрі мал басын жаппай қырып жіберетін қауіпті инфекция болғандықтан, өңірде карантин жарияланып, төтенше жағдай енгізілуі мүмкін деген қауіп басым болды. Шаруалар тарапынан шыққан шу мен наразылық осы үрейден туындаған еді.

Төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ

Алайда құзырлы органдар бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, Қостанай түгілі Қазақ даласында аусыл ауруы жоқ. «Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған ақпаратқа байланысты мынаны айтамыз. Шаруалардан шағым түскен бойда оқиға орнына арнайы мамандар барып, тиісті сараптамаларды алды. Ұлттық ветеринариялық орталықтың зертханалық қорытындысы дайын. Қазіргі уақытта Қазақстанда аусыл (ящур) ауруы тіркелген жоқ. Батыс Қазақстан облысында да жағдай тұрақты, малдың жаппай қырылуы байқалмайды. Зертханалар тиісті зерттеулер мен сараптамаларды үздіксіз жүргізіп жатыр және қолда бар ресми ақпаратқа сәйкес, аусыл дерті анықталмаған. Нақты кесіп айта аламыз, Қостанайда аусыл ауруы анықталған жоқ. Бұл – ресми және нақты дерек. Шаруалардың үрейленуіне ешқандай негіз жоқ. Шығын көлемі айтарлықтай емес. Өтемақы төлеу мәселесі қаралады. Диқандар мен мал өсірушілердің шығындарын өтеу және төлем жасау сияқты басқа да сұрақтар заңнамада қарастырылған тәртіппен шешіледі. Төтенше жағдай жариялауға да ешқандай негіз жоқ. Заңға сәйкес, ТЖ жариялануы үшін жаппай шығын болуы немесе аурудың бірнеше аудан мен облысты қамтуы сияқты нақты себептер қажет. Бұл мәселені шешу шаралары жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде, сондықтан қазір төтенше жағдай жариялаудың қажеттілігі көрінбейді», — дейді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов.

Оның пікірінше, сиырларда байқалған белгілер аусыл емес, басқа созылмалы немесе маусымдық инфекциялық аурулардың (мысалы, жұқпалы ринотрахеит, стоматит немесе жем-шөптен улану) салдары болуы мүмкін. «Өткен брифингте Ветеринария және мал шаруашылығы мәселелеріне жауапты вице-министр атап өткендей, алынған сынамалар мен сараптама қорытындысы бойынша екі ауру анықталды: рентграхит және пастереллез. Қазіргі уақытта ауырған малдарға симптоматикалық ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр және олар оң нәтиже беруде», — дейді ол.

Сенат депутаты Әли Бектаев та өңірдегі эпизоотиялық ахуалдың толық бақылауда екенін айтады.  Әзірше шектеу шаралары еш енгізуге негіз жоқ.

«Бұл мәселе бойынша бізге тұрғындардан хаттар келіп түсуде. Депутаттарымыз негізгі уәкілетті орган -Ауыл шаруашылығы министрлігіне халықтың талабын уақытында, тиісті деңгейде жеткізіп, олардан ресми жауап талап етіп отыр. Міністрліктің де қазіргі беріп жатқан жауабы осыған саяды. Қазіргі уақытта ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті мамандардың бәрі сол өңірлерде іссапарда жүр, зертханалар жұмыс істеуде. Олар жақын арада нақты қорытындысын береді. Атқарушы органдар қарап отырған жоқ, министрлік жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар ауру белгілері аусылға ұқсайтынын айтқанымен, оның нақты қандай дерт екенін тек зертханалық талдау ғана анықтайды. Мамандар сынама алғаннан кейін қорытындысы жарияланады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл жағдайды жасыруға ешқандай негізі де, қажеттілігі де жоқ. Егер қауіп расталса, тиісті шаралар қабылдануы тиіс, ал егер расталмаса, халыққа ашық жариялануы керек.

Егер аусыл ауруы расталғанда, заң бойынша бірден карантин режимі енгізіліп, шектеулер қойылар еді. Алайда, қауіпті вирус табылмағандықтан, өңірде ешқандай төтенше жағдай жарияланбайды. Шаруашылықтар әдеттегі режимде жұмыс істей береді. Мал еті мен сүтін өткізуге, тасымалдауға ешқандай тосқауыл жоқ», — дейді сенатор.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button