«Жылтырақ» өмірдің көлеңкесі: Инфобизнес қоғамды қайда апара жатыр?

Бүгінгі таңда әлеуметтік желі «жеңіл табыс» пен «салтанатты өмірдің» виртуалды алаңына айналды. Инфобизнес өкілдері кез келген жетістіктің оңай келетінін айтып, қоғамда қате түсінік қалыптастырып жатыр. Алайда, бұл жылтырдың артында үлкен психологиялық апат пен әлеуметтік мәселелер жатыр, деп жазады tiek.kz.
Ең сорақысы инфобизнес өкілдері «ешқандай күш жұмсамай-ақ армандарыңызды жүзеге асырыңыз» деген арзан жарнама арқылы миллиондаған адамның өмірін құртып жатыр. Желідегі «табысты кейіпкерлер» тек жарқын нәтижені – қымбат көліктерді, сәнді демалыстарды және «пассивті табысты» көрсетеді. Ал олардың артындағы жылдар бойғы қажырлы еңбек, сансыз сәтсіздіктер мен құрбандық жатқанын айтпайды. Мұны көрген көпшілік сәттілікті кинодағыдай бір сәтте байып кетуге болады екен деген оймен қолында барын біреуге беруге даяр тұрады.
Ал шын мәнінде еңбексіз нәтиже жоқ. Ақылды ақыға сату үшін де сол білімді жинауға, тәжірибе жинақтауға ұзақ жылдар керек екені белгілі. Психолог Арайлым Каналбекованың айтуынша, «Желіде бәрін оңай ақша келетіндей көрсетеді. Бұл дұрыс емес. «Табысқа жетудің бірден-бір жолы – үздіксіз әрекет. Кинодан көріп алғандай әдемі өмірді сүргісі келеді. Бірақ өмірдің ағы мен қарасы, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретінін кейде ұмытып жатамыз», — дейді психолог.
Сондай-ақ мамандар инфобизнестің басты қаупі – еңбек культін әлсіретуінде екенін айтады. Жастар фундаменталды білім мен нақты мамандық игерудің орнына күмәнді онлайн-курстар мен «жеңіл жолдарды» іздеуге көшеді. «Трендтегі бейнероликпен» немесе бірнеше постпен танымал болуды мақсат етеді. Бір күні бұл сәтсіздік пен депрессияға әкеледі. Қысқаша айтқанда, экрандағы жалған байлық қарапайым адамның өз өмірін құнсыздандырады.



