«Қауіпсіздік қызметінің рұқсаты бар ма?»: Депутат Мұқаев Мәжіліске жасырын камерасы бар көзілдірік тағып келген

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев өзіне сұрақ қойған журналистерді жасырын камераға түсіріп алған. Бұл туралы журналист Ербол Сейілхан жазды, деп хабарлайды tiek.kz.
Журналистің жазуынша, тілшілер Мұқаевқа әйелін туған күнімен құттықтау мәселесі бойынша сұрақ қоймақ болған. Депутат журналистерді қымбат очикімен сыртынан түсіріп алып, жазбасын желіге жүктеп жіберген.
«Бүгін депутат Дәулет Мұқаев Мәжіліске видеокамерасы бар көзілдірік тағып келіпті.
Біз Мұқаевты телефонға таспалап тұрсақ, ол қымбат очикімен журналистерді сыртынан түсіріп жүр. Сол көзілдірігіне жазылған видеоны жеке парақшасына жүктеп те қойған!!! Мәселен, депутат “запись” жүріп жатқанын ескерткен жоқ, дереу өшіруді талап етемін!
Бүгін Мұқаев Парламенттің көк папкасымен неліктен өз әйелін туған күнімен құттықтағанын түсіндірген. Соған қарағанда, тілшілер сөзімді бұрмаламасын деп сыртымыздан түсіріп алған шығар.
Бірақ Парламенттің қауіпсіздік қызметі депутаттың видеокамерасы бар көзілдірік тағуына рұқсат берген бе?
Себебі Мәжілісте жалпы отырыстан бөлек, жабық есік жағдайындағы жиналыстар жиі өтеді. Онда мемлекеттік құпия мәліметтер айтылуы мүмкін ғой. Ертең сол ақпарат тарап кетсе, қайтеміз?», — деп жазған журналист.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың әйелінің «гештальтін жабу» үшін парламент атынан арнайы құттықтау жасап, қоғамда үлкен шу тудырған еді.



