«Екі ай ішінде таңдаған пәтерін алып береміз»: Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға үй алып беретін болды

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған «Қыз Жібек» фильміндегі камзолға қатысты дау өз шешімін тапты. Баян Алагөзова қазақ киносының аңызымен кездесіп, «Қыз Жібектің» камзолын Меруерт Өтекешовағаның өзіне табыстады, деп хабарлады tiek.kz.
Баян ханымның айтуынша, бұл тарихи жәдігердің тағдырын қазақ киносының аңызы өзі шешеді.Сонымен қатар ол алдағы «Қазақ аруы» байқауында дәл осы қамзолдың үлгісіндегі арнайы киімдерді тіктіріп жатқанын айтты.
«Мен қатты толқып тұрмын. Нағыз өнердің иконасымен кездесіп отырмын. Сізді алғаш рет көріп, алғаш рет танысып отырмын. Мен өте бақыттымын. Оралдың қыздары көп адамға иіле бермейді, бірақ мен сіздің алдыңызда бас иемін. Өйткені сіз – ұлы әйелсіз. Маған бұл камзол жайдан-жай келген жоқ деп ойлаймын. Мұның бәрі Алланың қалауы шығар. Сондықтан оны сізге табыстағым келеді. Енді бұл қамзолдың тағдырын өзіңіз шешуіңіз керек», – деп атап өтті Баян қазақ киносының аңызымен кездесу барысында.
Сондай-ақ Баян Мақсатқызы Меруерт Өтекешоваға уәде еткен арнайы тігілген тонын да кигізді. Сонымен қатар оған ұлттық брендтің алтын мен гауһардан жасалған эксклюзив сырғасы сыйға тартты. Продюсердің сөзінше, зергерлік бұйым актрисаға арнайы тапсырыспен, жалғыз дана етіп жасалған.
«Бұл – сіздің Қазақстан үшін, ел үшін, тұтас ұлт үшін жасаған еңбегіңізге деген қарапайым алғысым. Сіздей жан жоқ және болмайды. Сіз – ханшайымсыз», – деді ол.
Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға шапан жауып, өмірлік зейнетақы тағайындап қана қоймай, баспана алып беретін болды. Қазақ киносының аңызымен кездесу барысында осындай уәде берді.
«Өзіңіз қалаған ауданда, өзіңіз қалағандай пәтер таңдаңыз. Екі айдың ішінде сіз айтқан ауданнан пәтер алып береміз. Өйткені сіз бәріне лайықсыз!», – деді ол.
Ал Меруерт Өтекешова өзіне көрсетілген сый-құрмет үшін Баянға ризашылығын білдірді.



