Жүлде қоры 30 млн теңге: Қазақстанда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай патриоттық әндер байқауы жарияланды
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жаңа патриоттық әндердің республикалық байқауы басталды. Өнерпаздар Отан, туған жер және ел бірлігі тақырыптарындағы шығармаларын ұсынып, жалпы сомасы 30 миллион теңге болатын жүлде қорына таласа алады, деп хабарлайды Tiek.kz.
Жаңа заманға – жаңа патриоттық әндер
Жобаның басты мақсаты – еліміздің бүгінгі жетістігі мен болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтін жаңа туындыларды дүниеге әкелу. Байқаудың кәсіби сарапшылар кеңесінің мүшесі, белгілі ақын Қалқаман Сариннің айтуынша, қазіргі қоғамда Отанды жаңа мазмұнмен жырлайтын әндерге сұраныс өте жоғары.
«Тарихи оптимизм идеясын өнер арқылы дәріптеп, өткенімізді құрметтей отырып, халқымыздың жетістігін, жасампаздығын және жарқын болашаққа ұмтылысын әнмен жеткізу маңызды», – деп атап өтті ол.
Байқауға қатысушылар өз шығармаларын үш бағыт бойынша ұсына алады:
-
Марш ырғағындағы жігерлі әндер;
-
Баяу әрі лирикалық туындылар;
-
Заманауи сарындағы патриоттық әндер.
Қазылар алқасы нені бағалайды?
Жеңімпаздарды композиторлар, ақындар мен музыка мамандарынан құралған кәсіби сарапшылар кеңесі анықтайды. Сарапшылар әннің мәтіні мен әуенінің сапасына, поэтикалық шеберлігіне және тыңдарманға беретін эмоциялық әсеріне ерекше назар аудармақ.
«Сонымен қатар авторлық идеяның жаңашылдығы және шығарманың болашақта кәсіби деңгейде орындалып, кең аудиторияға таралу мүмкіндігі ескеріледі», – дейді сарапшылар кеңесінің мүшесі, композитор Ренат Гайсин.
30 миллион теңге қалай бөлінеді?
Байқаудың демеушілер есебінен құрылған 30 миллион теңгелік жүлде қоры мынадай тәртіппен үлестіріледі:
-
Гран-при – 6 миллион теңге (1 жүлде);
-
І орын – 4 миллион теңгеден (3 жүлде);
-
ІІ орын – 3 миллион теңгеден (3 жүлде);
-
ІІІ орын – 1 миллион теңгеден (3 жүлде).
Өтінімді қалай жіберуге болады?
Байқауға қатысуға ниет білдірушілер өз туындыларын 2026 жылдың 5 желтоқсанына дейін байқаудың ресми ресурсы – khabar.kz/konkurs сайты арқылы жолдай алады. Толық ережелер мен шарттарды да осы сілтеме арқылы оқуға болады.
Басты ақпараттық серіктесі «Хабар» агенттігі болып табылатын байқаудың жеңімпаздары Тәуелсіздік күні қарсаңында салтанатты түрде жарияланады.



