Өскемендегі зауыттағы жарылыс: қылмыстық іс қозғалды

Өскемендегі екі адамның өмірін қиған жарылысқа қатысты іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.
«Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты тергеу тобы құрылып, Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлімі (Еңбек қорғау қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс толық бақылауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде», — деп атап өтті вице-министр.
Айтуынша, іс бойынша нақты қамауға алынғандар жоқ. «Тергеу белсенді түрде жүріп, барлық қажетті сараптамалар жасалуда. Олардың қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады», — деді ол.
Оқиға салдарынан екі жұмысшы қаза тауып, екі адам қазір ауруханада жатыр.
5 мамыр күні таңертең Өскемен қаласындағы «Қазцинк» ЖШС-нің қорғасын зауытындағы электролиз цехының балқыту бөлімінде жарылыс болып, 120 шаршы метр аумақта өрт шықты. Сонымен қатар, цехтың 220 шаршы метр аумағы опырылып түскен. Оқиға салдарынан екі адам қаза тапты, оның біреуі балқытушы Ержан Қамалиев пен жабдық жөндеу шебері Олжас Рамазанов. Тағы бес адам ауруханаға түсті: үшеуін дәрігерлер үйге жіберсе, екі адам ауыр хәлде жатыр.



