Агро-стратегия

«Киік дауы»: Министрлік шаруаларды егіс алқаптарына қоршау қоюға шақырды

Егіс алқаптарына қоршау қоятын шаруалардың шығынын мемлекет 25 пайыз көлемінде қайтарып береді.

Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы саласының ірі өкілдері киіктердің жаппай көбеюі мен олардың егінге тигізетін зардабына байланысты үндеу тастады. Бұл жолғы үндеуге тек шағын шаруа қожалықтары ғана емес, агросектордың көшбасшылары мен ірі кәсіпорын басшылары үн қосып отыр.

Фермерлердің айтуынша, киіктер санының бақылаусыз өсуі нағыз табиғи апатқа айналған. Егістіктер тапталып, жайылым азайып бара жатыр. Мыңдаған бастан тұратын киік үйірлері бидай, зығыр және басқа да дақылдар егілген алқаптарды таптап, жеп тауысуда. Киіктер мал жайылатын жерлердегі шөпті де тақырлап тастағандықтан, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де зардап шегуде. Осылай деп атап өткен ірі агроқұрылым басшылары шығын көлемі миллиондаған теңгеге жеткенін, бұл жағдай жалғаса берсе, кәсіпорындардың банкроттық алдында тұрғанын айтады. Қостанай облысындағы «Диевская» Агрофирмасында ғана 2025 жылы киіктердің егінге келтірген залалы 2,2 млрд теңгені құраған.

Бұл мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов  tiek.kz порталына сұқбат беріп, шаруалардың алқабын таптап жатқан киіктер мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

Айтуынша, қазіргі уақытта тиісті шаралар қабылданып жатыр.

«Қостанай облысында шаруалар киіктердің егінді таптап жатқанына байланысты дабыл қағуда. Бұл мәселе биыл ғана емес, соңғы үш жыл бойы фермерлер тарапынан көтеріліп келеді. Оның ішінде киік басып кеткен жайылымдық жерлер де, егістік алқаптар да бар. Алайда, жыл өткен сайын бұл мәселелердің шешімі бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Үкімет тарапынан бірнеше маңызды шаралар қабылданды», — деп атап өтті ол.

Аутуынша, қазіргі таңда мынадай жұмыстар атқарылған:

  • Ет өңдеу жұмыстары: Киік етін қайта өңдеу үшін бірнеше ет комбинаты дайындалды. Осы комбинаттарда және киік ауланған жерлерде ветеринар мамандар жұмыс істеп жатыр. Олар еттің қауіпсіздігін, аурулардың бар-жоғын тексеріп, халық денсаулығына қауіп төндірмейтінін қадағалайды.
  • Субсидиялау: Шаруалардың сұранысына сәйкес, инвестициялық субсидиялау ережесіне қосымша өзгерістер енгізілді. Енді егіс алқаптарына қоршау (сетка) қоятын шаруалардың шығынын мемлекет 25 пайыз көлемінде қайтарып береді.

«Киіктің саны биыл 7 миллионнан асып отыр, бұл — үлкен көрсеткіш. Тіпті Қостанайдағы ірі агрофирмалардың өзі егін алқаптарына қатысты алаңдаушылық білдіруде.

Ал «киікті жаппай аулауға рұқсат беріле ме?» деген сұраққа келер болсақ, бұл мәселе біздің құзыреттілігімізге кірмейді. Бұл — Экология министрлігі мен әкімдіктердің бірлесе шешетін шаруасы. Біз өз құзыретіміз шеңберінде шаруалардың талап-тілегін орындап, тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», — деді Азат Сұлтанов.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button