«Ақ жол» партиясы сайлауалды науқанын қорытындылады: Өңірлерде 1,5 мыңға жуық кездесу өтті

27 қараша күні Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының отырысы өтті. Жиында мәслихат депутаттарын сайлауға арналған үгіт-насихат науқанының нәтижелері қорытындыланып, болашақ депутаттардың алдында тұрған басым міндеттер талқыланды, деп хабарлайды Tiek.kz.
1,5 мыңға жуық кездесу және сайлаушылар көтерген өзекті мәселелер
Партия мәліметінше, сайлауалды науқан барысында өңірлік филиалдар тарапынан 1,5 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде басты басымдық азаматтармен тікелей жүздесулерге берілді:
-
580-ге жуық кездесу – еңбек ұжымдарымен;
-
165-ке жуық кездесу – кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен өтті.
Сондай-ақ кандидаттар тұрғындармен, жастармен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесіп, өңірлердегі түйткілді мәселелерді тыңдады. Кездесулер барысында халық тарапынан негізінен мынадай бағыттар бойынша өтініштер айтылды:
-
Инфрақұрылым және тұрмыс: Жолдарды жөндеу, ауылдық елді мекендерді газдандыру, қоғамдық көлік тапшылығын жою және аулаларды абаттандыру;
-
Әлеуметтік сала: Емханалардың шамадан тыс жүктелуі, білікті дәрігерлердің жетіспеушілігі және мектептердегі орын тапшылығы;
-
Кәсіпкерлікті қолдау: Бизнеске түсетін салық жүктемесін азайту және отандық өнімдерді ішкі нарықта өткізу қиындықтарын шешу.
Жиналған барлық өтініштер жергілікті атқарушы органдарға жолданып, партия атынан сайланатын мәслихат депутаттарының алдағы жұмыс жоспарына негіз болмақ.
430-дан астам кандидат: Құрам қалай жаңарды?
Биылғы саяси науқанға қатысу үшін «Ақ жол» партиясы 430-дан астам кандидат ұсынды. Құрылтай Төрағасының орынбасары, «Ақ жол» Демократиялық партиясының Төрағасы Дания Еспаева кандидаттар қатары айтарлықтай жаңарғанын атап өтті.
«Біздің кандидаттарымыздың арасында тәжірибелі депутаттар да, жаңа есімдер де, өз ісінің кәсіби мамандары мен кәсіпкерлер де бар», – деді Дания Еспаева.
Отырыс соңында партия Төрағасы өңірлік филиал қызметкерлеріне науқан барысында атқарған қарқынды жұмыстары үшін алғыс айтып, кандидаттарға сайлаушылар сенімі мен жауапкершіліктің маңыздылығын еске салды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.



