«Адамды тәубесіне келтіретін фильм»: Ақан Сатаевтың «Күлпәш» фильмі қоғамда үлкен қызығушылық тудырып жатыр

Режиссер Ақан Сатаевтың «Күлпәш» тарихи драмасына көрерменнің аз келуі қазір желіде қызу талқыланып жатыр. Фильм 2026 жылдың 19 қарашасында прокатқа шыққанымен, алғашқы күндері кассалық жиыны 26 миллион теңгеге де жетпей, көрермен саны өте аз, кино залдары бос тұрғанын жазып жатыр.
Соған қарамастан, фильмді көргендер Сатаевтың бұл туындысына өте жоғары баға беруде.
Белгілі продюсер Серік Абас-шах халқының жартысына жуығы аштықтан қырылып кеткен елге терең ой салатын фильм екенін айтады.
«Бейімбет Майлиннің әңгімесі желісімен түсірілген (режиссер Ахан Сатаевтың) “Күлпәш” фильмін тамашаладық. Сағат 10.30 шамасында басталған киноға махаббатым екеуміз бірінші болып келдік. Шағын ғана залдың он-он бес пайызы ғана толды (көрерменге).
Менің сол жағыма жайғасқан қос смартфонды іскер келіншек киноның жартына дейін телефонымен біреулермен біресе “смстесіп”, біресе сыбырласып сөйлесіп отырды. Фильмнің ортасы ауа телефон жайына қалды (арамызды 3-4 бос орын бөліп тұрған аты-жөні белгісіз қарындас сезіміне ерік беріп, парлап аққан көз жасын киноның соңына дейін тоқтата алмай отырды).
Фильмнің көркемдік сапасына қатысты әңгімені кейін айта жатармыз. Қазір бәріміз бірдей кинотеатрға барып, “Күлпашты” көруіміз керек, ағайын! Халқының жартысына жуығы аштықтан қырылып кеткен елге терең ой салатын фильм бұл. Адамды (жақсылап) тәубесіне келтіретін фильм бұл.
Бос дарақылық пен үлкен ысыраптың сырқатына шалдыққан “супер тойшыл” қауым (қазақ десем ренжисіз) осы кинодан кейін аздап болса да ес жия ма деген үмітім бар. Бірақ, 300-400-500-600 қонақ шақырып той жасап, дастарханды жеп-ішу үшін емес, жұртқа мақтану үшін жаятын кей ағайын бұл ойымды дұрыс түсіне ме, жоқ па, білмеймін…», — деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Фильм бастапқыда 10 қарашада шығуы тиіс еді, бірақ прокат куәлігіне қатысты кідірістерге байланысты бір апта кешігіп көрсетілді.
Бейімбет Майлиннің әңгімесі желісімен түсірілген туынды Ашаршылық жылдарындағы ауыр қасіретті баяндайды. Киносыншылардың пікірінше, қазіргі уақытта көпшілік көрермен мұндай ауыр драмадан гөрі жеңіл комедиялар мен мелодрамаларды таңдайды.
Бұл да өз кезегінде көрермен санына әсер етері даусыз.



