Тоқаев ҰҚК жүйесін реформалауды тапсырды
Дүйсенбі, 16 қараша күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығына жаңа төраға Марат Ирменовті таныстырғаннан кейін комитетке бірқатар міндет жүктеді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Президент ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталып, «Заң мен Тәртіп» қағидатының орындалуына, мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа және басқа да заң бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға баса назар аудару керек екенін атап өтті» деп жазылған ресми ақпаратта.
Бұға қоса Тоқаев кадр іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптің алдын алу, басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жемқорлық қауіп-қатерін болдырмау жөніндегі профилактикалық шараларды күшейтуді тапсырған.



