Грузия «Қыздар.нет» сайтына қатысы бар адамды Қазақстанға қайтарды

Грузиядан Қазақстанға жеңгетайлық жасады деп күдікке ілінген Өзбекстан азаматы экстрадицияланды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол «Қыздар.нет» сайты сайтын жүргізуге көмектескен.
«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден Өзбекстан Республикасының азаматшасын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны және жеңгетайлық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында экстрадициялады.
Тергеу барысында аталған азаматшаның ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге де мүшелерімен бірлесіп, жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсететін тұлғалардан «Kyzdar.net» интернет-ресурсында орналастырылған сауалнамаларының шоттарын толықтыруға өтінімдер қабылдап, олардың сексуалдық қызметтерін ілгерілету және жарнамалау мақсатында жүзеге асырғаны анықталған.
Сонымен қатар, топ мүшелері түскен қаражаттан комиссиялық сыйақыны ұстап қалып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз схеманың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал оның жекелеген мүшелері, оның ішінде күдікті де қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
Ағымдағы жылдың шілде айында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.



