ҚМДБ марқұмдарға ЖИ арқылы жан бітіруге қатысты пәтуа берді
Алайда оның атынан өзі айтпаған сөздерді сөйлетуге, жалған ақпарат таратуға және жарнама ретінде пайдалануға болмайды.

Жасанды интеллектінің мүмкіндігі кеңейген сайын адамдардың да қиялында шек болмай барады. Енді олар тірілерді құбылтып, марқұмдарды сөйлетіп, суреттерге жан бітіріп жүр. Тіпті дауысына дейін көшіріп, айтпаған сөздерін айтқызуда.
Бұл мәселеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы араласып, ЖИ арқылы жандандыруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлады 31-арнаның ”Информбюро” бағдарламасы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай әрекеттерге түбегейлі тыйым салмайды. Дегенмен, мұндай технологияны қолданудың да өз шегі бар.
Қазір аста, той қуанышта, әлеуметтік желілерде қайтыс болған адамдардың суретін сөйлетіп, қозғалысқа келтіретін видеолар көбейіп келеді. Бірі мұны жақынын сағынып, еске алудың амалы деп қабылдаса, енді бірі мұндай әрекеттерді құптамайды.
Мүфтияттың түсіндіруінше, марқұмның бейнесін сағынышпен еске алу немесе көңіл жұбату мақсатында жандандыруға рұқсат. Алайда оның атынан өзі айтпаған сөздерді сөйлетуге, жалған ақпарат таратуға және жарнама ретінде пайдалануға болмайды. Сондай-ақ бұл әрекет адамның психологиялық жағдайына зиян келтірмеуі керек.
«Алдау болмаса, мазақтау болмаса, туыстарының рұқсатымен марқұмды қимылдатуға болады. Енді сөйлетудің де мәселесі алдауға жатпау керек. Атын пайдаланып хайп жинауға дін тыйым салады. Психологиялық тұрғыдан мамандар аса құптамайды екен. Қажет болмаса мұндай нәрсені көп қолдану адам психикасына теріс әсері бар», – дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.
Мәселеге қатысты қоғам белсенділерінің де айтары бар. Олардың пікірінше, технологияның мүмкіндігін пайдаланған кезде адамгершілік пен әдептілік шекарасын ұмытпау керек.
Ұлы тұлғаларға бейәдеп сөздер айтқызуға, қайғылы жағдайда қаза болғандарды сөйлетіп ақша жинауға тыйым салынуы керек деп есептейді.



