Педагог-ассистенттердің жалақысы мен жүктемесі: Депутат министрлікке нақты ұсыныстар жолдады
Мәжіліс депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрлігіне педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу мәселесі бойынша арнайы сауал жолдады, деп хабарлайды Tiek.kz.
Инклюзивті білім берудегі басты мәселе
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Қазіргі таңда елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 237 мыңға жуық бала тіркелген. Олардың білім алуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне еліміз бойынша 6,5 мың педагог-ассистент кәсіби қолдау көрсетіп келеді.
Дегенмен, Айнагүл Балташеваның мәліметінше, осындай маңызды қызмет атқаратын мамандардың еңбек жүктемесі мен жалақысын есептеуде әлі де олқылықтар бар.
Өңірлердегі әркелкілік және тұрақсыздық
Бұған дейін педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеуде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылып келген. Алайда, қазіргі нормативтік реттеуде нақтылықтың болмауы өңірлерде жұмыс уақытын әркелкі есептеуге әкеп соқтырған.
Депутаттың пікірінше, бұл жағдай мамандардың тұрақты жұмыс істеуіне және ерекше балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасына тікелей кері әсерін тигізеді.
Оқу-ағарту министрлігіне қандай ұсыныстар жасалды?
Осы түйткілді мәселені шешу мақсатында Мәжіліс депутаты құзырлы министрлікке үш бағыттан тұратын нақты ұсыныс енгізді:
-
Нақты жүктемені бекіту: «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарын ескере отырып, педагог-ассистенттерге аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін заңды түрде бекітіп, оның қаржылық негіздемесін әзірлеу.
-
Жұмыс уақытын ажырату: Баланы тікелей сүйемелдеу уақыты мен сабаққа дайындалу, өзге мұғалімдермен бірлесіп жұмыс істеу және құжаттама жүргізуге жұмсалатын уақытты нақты ажыратып, есепке алу тәртібін енгізу.
-
Бірыңғай жүйе құру: Педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің бүкіл республика бойынша бірыңғай тәртібін қамтамасыз ету.
«Ерекше баланың өздігінен жасаған алғашқы қадамы, тапсырма орындауы – отбасы үшін үлкен қуаныш. Осындай әрбір жетістіктің артында педагог-ассистенттің күнделікті еңбегі тұр. Педагог-ассистенттің еңбек құқығын қорғау – ерекше баланың сапалы білім алу құқығын қорғау. Біз баланың болашағына қамқорлық жасауды оның жанындағы маманның еңбегін әділ бағалаудан бастауымыз керек», – деп түйіндеді Айнагүл Балташева.



