Әлем

«Бұл жерде орыс тілі ресми тіл ме?»: АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Өзбекстан тілшілерін жер қылды

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқандқа жасаған сапары кезінде БАҚ өкілдерімен сұхбат барысында жергілікті журналистердің өзіне өзбек тілінде емес, орыс тілінде сұрақ қойғанына таң қалған, деп хабарлады tiek.kz.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Самарқанд қаласына жасаған ресми сапары кезіндегі бір диалог әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында қызу талқыланып жатыр.

Сапар барысында жергілікті БАҚ өкілдерімен тілдескен америкалық саясаткер өзбекстандық журналистердің өзіне мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде сұрақ қойғанына назар аударып, таңданысын жасырмады.

Оқиға Самарқандтың әйгілі Регистан алаңында өткен баспасөз отырысында болған. Марко Рубио сұрақ қоймақ болған тілшілердің біріне тікелей қарап:

«Сіз жергілікті тілде, яғни өзбек тілінде сөйлейсіз бе?» — деп сұрақ қойды.

Журналист әңгімені орыс тілінде жүргізуге ыңғайлы екенін білдіргенде, Мемлекеттік хатшы аз-кем сасып қалып, өз реакциясын білдірді:

«Бұл орыс тілі ме? Түсінікті. Бұл жерде орыс тілі бұрынғыдай ресми тіл емес қой, бірақ көп адамның бұл тілде сөйлейтіні жақсы екен. Жарайды, келесі жолы [өзбекше сөйлесерміз]», — деді ол.

Аталмыш оқиғаның видеосы мен бұл пікір өңірдегі ақпараттық кеңістікте лезде тарап, қоғамда түрлі пікіртарус тудырды. Бір жағынан, бұл жағдай шетелдік жоғары лауазымды тұлғаның Орталық Азия елдеріндегі тілдік ахуал мен мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ақпараттан хабардар екенін көрсетсе, екінші жағынан, өзбек қоғамындағы әлі де әсері күшті орыс тілінің қолданыс аясын тағы бір мәрте назарға шығарды.

Бұл жағдай Орталық Азия мемлекеттеріндегі ұлттық тілдің рөлі мен ресми немесе қарым-қатынас тілі ретіндегі орыс тілінің орны туралы мәселенің халықаралық деңгейде де байқалатынын көрсетіп отыр.

Еске салайық, Рубио 18 қазанда Самарқандқа келді. Әуежайда оны Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева мен Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов қарсы алды.
19 қазанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Регистан кешенін аралап, аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланған «С5+1» форматындағы министрлер кездесуіне қатысты.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button