Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлуде – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиын барысында төтенше жағдайлар саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесі – Құтқарушы күнімен құттықтап, оларға мемлекеттік марапаттар тапсырды, деп хабарлайды Tiek.kz.
Президент өз сөзінде құтқарушы мамандығының қоғамдағы маңызы мен ауыр жүгіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл қызмет тек адамды физикалық қауіптен арашалауды ғана емес, оқыс жағдайға тап болғандарға психологиялық демеу көрсетуді де талап етеді.
«Бұл – бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа»
Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды халықтың «бейбіт күннің батырлары» деп атауы әбден орынды әрі әділетті баға екенін жеткізді. Ол азаматтық қорғаныс саласында қызмет ету үшін тек батылдық емес, үлкен жүрек пен отаншылдық қажет екенін баса айтты.
««Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
От пен судың ортасындағы ерлік
Сондай-ақ, Президент төтенше жағдай саласының мамандарын ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын нағыз кәсіби мамандар ретінде жоғары бағалады.
«Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
(Дереккөз: Ақорданың ресми Telegram-арнасы)



