
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу туралы өкімге қол қойды. Арнайы құрылған комиссияға алғашқы нәтижелерді небәрі жеті күн ішінде ұсыну міндеттелді, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Президент өкіміне сәйкес, комиссия Қорғаныс министрлігінің жалпы жағдайын, соның ішінде әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы түйткілдерді жіті тексереді. Бұл шешім әскери саладағы жағдайды қатаң бақылауға алу мақсатында қабылданып отыр.
Комиссия құрамына кімдер кірді?
Қорғаныс ведомствосын тексеретін арнайы комиссияның құрамына еліміздің негізгі күштік, қаржылық және бақылау органдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары енді:
-
Аида Балаева – ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары (Комиссия төрағасы);
-
Әлихан Смайылов – Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы (Комиссия төрағасының орынбасары);
-
Ержан Жиенбаев – Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары;
-
Жанат Элиманов – Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы;
-
Мұрат Баймұқашев – Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы;
-
Мәди Тәкиев – Қаржы министрі;
-
Жандос Өмірәлиев – Бас Прокурордың бірінші орынбасары;
-
Әли Алтынбаев – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары;
-
Азамат Әмрин – Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
Алғашқы нәтиже бір аптада белгілі болады
Мемлекет басшысының өкімі қол қойылған сәттен, яғни 2026 жылдың 26 қыркүйегінен бастап қолданысқа енді. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша, комиссия жүргізілген тексеру жұмыстарының алғашқы нәтижелерін жеті күн ішінде баяндауы тиіс.



