«Олар анттарына адал болды»: Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасына көңіл айтты

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындары мен қаруластарына қайғыра көңіл айтты, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Армия генералы қаралы хабар бүкіл ардагерлер қауымына ауыр тигенін жеткізіп, қаза болған сарбаздардың қиындыққа толы әскери жолда төзімділік пен қайраттылық танытқанын атап өтті.
«Отан қорғаушысы болу – оңай жол емес»
Мұхтар Алтынбаев әскери қызметтің сыны мен сынағы көп екеніне тоқталып, сарбаздардың өз міндетін соңына дейін абыроймен атқарғанын еске салды:
«Әскери қызметшілеріміз әскери анттарына адал болып, өздеріне жүктелген міндетті орындау жолында қаза тапты. Олар жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін түрлі күрделі жаттығулардан өтіп, қиындықтарды еңсеріп, тәжірибе жинақтап, шыдамдылық танытты. Себебі, Отан қорғаушысы болу – оңай жол емес. Сарбаздарымыз елге қызмет етудің үлгісін көрсетті».
Орны толмас қайғы
Қарулы күштер ардагерлері ұйымының төрағасы қаза тапқан азаматтардың әрқайсысының артында ата-анасы, жары, балалары мен достары қалғанын айтып, олардың қайғысына ортақтасты. Оның сөзінше, ботасынан боздап қалған ата-ананың жан жарасын жеңілдету үшін жұбату сөзін табудың өзі мүмкін емес.
«Қаза болған азаматтардың есімдері мен жарқын бейнелері біздің жүрегімізде, қаруластарының жадында, отандастарымыздың есінде мәңгі сақталады. Имандары саламат болсын», – деп түйіндеді сөзін Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаев.



