ІІМ ата-аналар мен балаларға үндеу жасады: Санаулы секунд ішіндегі шешім өмірді сақтап қалуы мүмкін
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті балалар мен ата-аналарға арнайы үндеу жасап, қарапайым тентектік немесе болмашы жанжалдың санаулы секунд ішінде қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін екенін ескертті, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Полиция өкілдері балаларды орынсыз тәуекелге бармауға, арандатуға ермеуге және қандай да бір әрекет жасамас бұрын оның салдары туралы байыппен ойлануға шақырды.
Нағыз күш – дер кезінде тоқтай білуде
Үндеуде атап өтілгендей, нағыз күш тәуекелге баруда немесе жанжалға эмоциямен жауап беруде емес, дер кезінде тоқтай білуде.
«Бір сәт кідіріп, эмоцияға берілмей, «Бұдан кейін не болады?» деп ойлану кей жағдайда орны толмас ауыр зардаптардың алдын алуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Ата-аналарға арналған кеңес: Тек тыйым салу жеткіліксіз
Тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларымен мұндай жағдайларды жиі талқылап тұруды ұсынды. Тек «болмайды» деп тыйым салумен шектелмей, оның себебі мен ықтимал салдары түсіндірілуі тиіс.
Сонымен қатар ата-аналарға мынадай маңызды мәселелерге назар аудару жүктелді:
-
Баланың араласатын ортасын, достарын жақсы білу;
-
Оның эмоционалдық жағдайына тұрақты түрде назар аудару;
-
Өзімен бірге қандай заттар алып жүргенін бақылау.
Комитет өкілдері қандай да бір мәселе туындаған жағдайда оны жасырмай, дер кезінде мамандардың көмегіне жүгінуге шақырады. Үндеудің түпкі мәні — кейде санаулы секунд ішінде қабылданған жалғыз дұрыс шешім баланың денсаулығын, болашағын, тіпті өмірін сақтап қалуы мүмкін.



