«60 емес 386 миллион доллар жұмсалған»: «Бішкек Арена» су тегінге салынды деген ақпарат өтірік болып шықты

Қырғыз билігі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында іске қосылған «Бішкек Арена» стадионына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлады tiek.kz.
«Бішкек Арена» стадионы құрылысының жалпы құны 386 миллион долларды құраған. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагозов мәлімдеді,
«Жақында «Бішкек-Арена» стадионына қатысты қысқаша ақпарат жариялаған болатынмын. Бұған дейін толық ақпаратты ала алмадық. Өйткені қызметкерлер, құрылысшылар және барлық осы мәселеге қатысты тұлғалар ШЫҰ пен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстарымен айналысып, тәулік бойы дерлік еңбек етті. Бүгінде толық ақпарат алынды. Сондықтан оны көпшілікке жариялауды дұрыс деп санадым», — дейді Аскат Алагозов.
Оның айтуынша, басында шынымен де сыйымдылығы 30-35 мың көрерменге арналған, құны шамамен 60-70 миллион доллар болатын қарапайым стадион жобасы қарастырылған. Кейін тұжырымдама толығымен өзгертілді.
«Бішкек-Арена» стадионы 386 миллион долларға салынды. Оның «60 миллион долларға» салынғаны туралы ақпарат — жалған. Стадион құрылысы басталып, сыйымдылығы 30-35 мың көрерменге арналған арена тұрғызу жоспарланған кезде, Камчыбек Ташиевтің құрылыс шамамен 60 миллион долларға түсетінін айтқанын естіген едік. Алайда, басында тек Долон Өмурзаков атындағы стадион секілді қарапайым спорт кешенін салу туралы айтылған болатын. Кейін Президент Садыр Жапаров бастапқы жобаны толығымен өзгертіп: «Ол қырғыз киізінің пішінінде жасалсын, ішінде сауда орталықтары, мейрамханалар мен кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары және балаларға арналған алаңдар болуы тиіс. Әйтпесе, стадионды ұстап тұру бюджетке ауыр салмақ түсіреді. Болашақта стадион табыс әкелетін нысанға айналуы тиіс», деген тапсырма берді», — дейді ол.
Сондай-ақ ол бұл ақпараттың көршілес елдер арасында түсініспеушілік тудырып отырғанын айтқан.
«Соңғы күндері «біздің стадион 60 миллион долларға салынды. Ал көрші елдердегі стадиондар пәлендей сомаға түсті» деген пікірлер айтыла бастады. Бұл көрші мемлекеттердің басшыларының беделіне күмән келтіреді. Сондықтан, құрметті отандастар, бұл мәселені саясиландырмайық және көрші елдермен қарым-қатынасты ушықтырмайық. Бүгінде әлем бойынша стадиондар құрылысы құнының өсуіне объективті себептер бар. Олар — металдың қымбаттауы, бетон құнының өсуі, логистикалық шығындар, жұмыс күшінің құны, инженерлік жүйелер, VIP және коммерциялық аймақтар, инфляция, құрылыс материалдарының әлемдік тапшылығы. Сонымен қатар, Қырғызстан үшін шығындарды арттыратын қар түсуі, күн суытуы деген сияқты қосымша факторлар бар», — деді ол.



