Қоғам

1 000 000 адам кітап оқуды таңдады: Республикалық марафон тарихи межеге жетті

«Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафонының ресми сайтында миллионыншы қатысушы тіркелді. Бүгінде Қазақстанның барлық өңірінен 1 миллион азамат кітапты, білімді және дамуды таңдап отыр, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Бұл – ауқымды жоба мен үлкен оқырман қауымы үшін өте маңызды белес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл цифрдың артында жай ғана тіркеулер саны емес, марафонды өзіне жаңалық етіп ашып, кітап оқуға қадам жасаған миллион адам тұр.

Жоба кімдерді біріктірді?

Бүгінде марафон қатысушыларының қатарында қоғамның барлық өкілі бар. Атап айтқанда:

  • Мектеп оқушылары мен студенттер;

  • Мұғалімдер мен ата-аналар;

  • Кітапханашылар мен мемлекеттік қызметшілер;

  • Түрлі мамандық иелері және тұтас отбасылар.

Марафонға жекелеген адамдар ғана емес, тұтас отбасылардың, мектептердің, ұжымдар мен қауымдастықтардың қосылып жатқаны ерекше маңызды. Осылайша кітап қарым-қатынас жасауға дәнекер болып, жасы мен кәсібі әртүрлі адамдардың басын біріктіруде.

Бірге оқу мәдениеті

«Бірге оқу — тек көбірек кітап оқу деген сөз емес. Бұл — кітаптарды талқылауға, әсерлерімізбен бөлісуге, жаңа идеяларды ашуға, бір-бірімізді жақсырақ түсінуге және оқу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік», – делінген жоба ұйымдастырушыларының хабарламасында.

Жоба авторлары «Кітап оқитын ұлтқа» қосылып, кітап оқып, марафонға қатысып, өз әсерлерімен бөлісіп жүрген әрбір адамға алғыс білдірді.

«Бірге біз кітап оқу — заманауи, қызықты әрі беделді саналатын мәдениетті қалыптастырып келеміз. 1 миллион тіркелген қатысушы — бұл тек бастамасы. Алда — бұдан да көп кітап, оқырман және тарих бар», – деп түйіндеді жоба өкілдері.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button