Саяхатшы қыз Бүрленнің жоғалған велосипеді табылды. Бұл туралы журналист Бердібек Қабайұлы хабарлады.
Айтуынша, Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының мамандары дереу іске кірісіп, жоғалған велосипедті тауып берген.
«Сүйінші, ағайын! Бүрлен қызымыздың жоғалған велосипеді табылды!
Кеше осында жариялаған постымнан кейін көп ұзамай Астана қаласы Полиция департаментінен қоңырау шалып, мәселенің мән-жайымен танысты. Одан соң Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қалиев Дастан Ғабдурахимұлының қабылдауында болдым.
Дастан Ғабдурахимұлы жоғалған велосипедті іздеу мақсатында шұғыл шаралар басталғанын айтты.
Міне, арада бір күн өтпей жатып, Астана қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қалиев Дастан Ғабдурахимұлының командасы сүйінші сұрап, велосипедтің табылғанын мәлімдеді.
Астана қаласы Полиция департаментіне — респект!
Әсіресе Криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Алькеев Қуат мырза мен жедел уәкіл, полиция капитаны Раджаббой Алишерұлы өз ісінің нағыз шебері, мықты мамандар екенін дәлелдеді. Бұл азаматтардың қарапайымдылығы мен біліктілігі өзгеге үлгі болуы керек.
Қашан да қызметтеріңізде жеңіс пен жеміс болсын!
Ал Бүрлен қызымыздың өзі қазір Қытай елінде жүр. Жақын арада елге келіп, жоғалып табылған «тұлпарымен» қайта табысатын болады.
Фейсбуктегі бір ғана жазбамды дереу іліп әкетіп, жан-жаққа таратып, жанашырлық танытқан барша ағайынға және әріптестерім — журналистер қауымына да мың алғыс!
Ешқашан ешкімді, ештеңемізді де жоғалтпайық!», — деп жазған өзінің facebook парақшасында.
Бүрлен Әділетқызы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген Қазақстанды велосипедпен аралауды сәуір айында бастаған.
2024 жылы Үрімші қаласынан Астана қаласына дейін 26 күнде жеткен. Сол сапарында ол өз велосипедін Тұңғыш Президент музейінің қорына тапсырған.
Бұған дейін қазақ даласын аралап жүрген саяхатшы Бүрлен Әділетқызының велосипедін біреулер ұрлап кеткенін жазған едік.