Оқиға
Тренд

Ақтауда катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты

Қайғылы оқиға 30 тамыз кешке Ақтауда Каспий теңізінің акваториясында болды. Серуендеуге шыққан катер жартасқа соғылып, салдарынан екі адам көз жұмған. 

Lada.kz сайтының мәліметінше, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабарлама 22:56-да түскен. Катер 5А шағынауданы маңында жартасқа соғылған. Бортта жеті адам болған.

Құтқару операциясы кезінде бес адам жағаға шығарылып, медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Катерде болған тағы екі адам, алдын ала мәлімет бойынша, құтқару кеудешесін кимеген. Іздеу-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар жағадан шамамен 500 метр қашықтықтан екі адамның денесін тауып, судан алып шықты.

Құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері, төрт техникасы және төрт жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар оқиға орнында полицияның 10 қызметкері, төрт техникасы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және жедел жәрдемнің бес бригадасы жұмыс істеді.

Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаменті.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button