Оқиға

Таңға дейін ұрып-соққан: Түркістан облысында маска кигендер әйелді өз үйінде азаптаған (ВИДЕО)

Түркістан облысының Ленгер қаласында түнде белгісіз адамдар әйелдің үйіне заңсыз кіріп, оны байлап, бірнеше сағат бойы ұрып-соқты деген ақпарат тараған еді.

Бұл туралы белгілі заңгер Айгүл Орынбек хабарлады. Заңгердің айтуынша, олар үй иесін таңғы беске ұрып, қинаған.

«Ленгірде үйге кіріп, адамды таңғы беске дейін ұрған!
Кеше түнгі сағат екі шамасында Ленгір қаласында болған жағдай — жай ғана қылмыс емес, бұл қоғам қауіпсіздігіне төнген дабыл!
Айтылған ақпарат бойынша, бірнеше адам маска киіп келіп, азаматшаны байлап, таңғы сағат беске дейін ұрып-соққан.
Адамды үйінің ішінде байлап алып, бірнеше сағат ұрған ұрыларды әлі таппаған деп отыр маған ақпарат беріп отырған адам.
Ұрылар енді түн жамылып қана жүрмейді. Үйге ашық кіріп, адамның өміріне қауіп төндіретін деңгейге жетті, бұл — өте қауіпті белгі.
Құрметті Ержан Саденов мырза, Түркістан облысының полициясына назар аударуыңызды сұраймын!
24/7 таразыдан өткен жүк көліктерін аңдымай, ұрыларды ұстасын!
Халықтың қауіпсіздігі — есеп үшін жасалатын жұмыс емес.
Әрбір қылмыс дер кезінде зерттеліп, әрбір күдікті заң алдында жауап беруі керек.
Ленгірдегі бұл жағдай толық әрі ашық тексерілуі тиіс!
Бүгін біреудің үйіне кірді.
Ертең кімнің есігін қағады?», — деп жазған еді өзінің facebook парақшасында.

 

Бүгін аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз адамдар түнгі уақытта тұрғын үйге кіріп, әйелге дене жарақатын салған және оның ұялы телефонын алып кеткен. Зардап шегуші таңғы сағат 5:00-ге дейін үйінде байлаулы жатқан.

Қазіргі таңда әйелдің жағдайы тұрақты, денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Полиция күдіктілерді жедел анықтап, ұстауға бағытталған жедел-тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Тергеу барысы Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Полицияның мәліметінше, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button