Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев пен жұбайы Әсел Тасмағамбетова Иорданияға жұмыс сапарымен барып, елдің басшысы — патша Абдалла II ибн Хусейнмен кездесті. Бұл туралы кәсіпкер өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Кеңес Рақышевтің айтуынша, екіжақты кездесу барысында болашаққа жоспарланған маңызды бастамалар талқыланған.
«Король Абдалла – әлем алдында өз беделін қалыптастырған, әділ әрі парасатты басшы. Өзімізбен бірге еліміздің ыстық сәлемін жеткізіп, болашаққа жоспарланған бірқатар маңызды бастамаларды талқыладық», – деп жазды ол.
Сапар барысында Рақышев King Hussein Cancer Center онкологиялық орталығында болды. Бұл – Таяу Шығыстағы ең ірі әрі жетекші онкологиялық мекемелердің бірі саналады. Орталық қатерлі ісік ауруларын диагностикалау және емдеуде заманауи технологияларды қолданумен танымал.

«Ондағы озық технологиялар мен тәжірибені өз елімізге енгізгіміз келеді. Медицина саласының осы бағытта дамуы – қазақстандықтар үшін сапалы қызметке жол ашады», – деді Кеңес Рақышев.
Сонымен қатар Рақышев пен жұбайы Рания патшайым негізін қалаған Queen Rania Teacher Academy академиясына барды. Бұл орталық Иорданиядағы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында құрылған.

Кеңес Рақышев алдағы уақытта қазақстандық педагогтарды да осы академияда тәжірибе алмасуға жіберуді жоспарлайтындарын мәлімдеді.
