«Қазақстанда тоқал алуды заңдастыру қажет» – депутат Абзал Құспан пікір айтты

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан журналист Ербол Сейілханның YouTube арнасына берген сұхбатында Қазақстандағы екі әйел алу мәселесіне қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол бұл тақырыптың қоғамда бар екенін, бірақ реттелмейтінін айтып, заңмен жүйелеуді ұсынды.

Депутаттың айтуынша, қазір елімізде «де-юре» тоқал алуға тыйым болғанымен, «де-факто» қоғамда бұл құбылыс кеңінен кездеседі.

«Де-юре бізде 2 әйел алуға тыйым салынған. Оны бәріміз білеміз, ол заңда тұр. Заңсыз деп саналады. Жауапкершілік жоқ, әрине. Бірақ тыйым бар. Де-факто кез келген жағдайы бар азаматтың екінші, үшінші, төртінші әйелдері бар екенін білеміз», — деді депутат.

Абзал Құспан бұл мәселеде өзін тоқал алуды жақтайтындар қатарына қоспауын сұрайды, дегенмен реттемей қойып қою — шешім емес екенін айтады.

«Қазіргілердің әрекетін айтатын болсақ, бұл құтырғандықтың белгісі. Байқайсыз ба, кілең жастарды алады… Сондықтан мен бұл құбылысқа жан-тәніммен қарсымын», — дейді ол.

Сонымен бірге депутат бұл тақырыпты заңдастыру қажеттігін атап өтті:

«Мен қарсы болды екен, сіз қарсы болды екен деп, заңда тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан мұны заңдастыру қажет деп есептеймін», — деді ол.

Абзал Құспанның пайымынша, тоқал институтын заңдастырса, ең алдымен әйелдің және одан туған баланың құқықтық қорғалуы күшейеді.

«Әйел құқығын шынайы қорғайтын болсақ, тоқал құқықтық тұрғыда қорғалмаған. Алимент ала алмайды. “Балама жағдай жасап бер” деп заңды түрде талап ете алмайды. Сондықтан да мұны заңдастыру қажет. Заңмен реттеу керек», — дейді депутат.

Депутат мәселені көтергенімен, бұл тақырып қазір Мәжілісте ресми түрде қаралып жатқан жоқ екенін де нақтылады.


Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―