Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі (ІІМ) еліміздегі көші-қон жағдайына қатысты ресми деректерді жариялады. Бұл туралы Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов мәлімдеді.
9 айда – 12,3 миллион шетелдік
Аталықовтың айтуынша, 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанға 12,3 миллион шетелдік азамат келген. Оның ішінде 11,97 миллионы елден шығып кеткен.
«Қазақстанға ең жиі келетін елдер — Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Беларусь», – деді Аслан Аталықов.
306 мың адам – заң бұзған, 14 мыңнан астамы елден шығарылған
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 306 000 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 14 434 азамат Қазақстаннан шығарылған.
«Ең көп құқық бұзушылар — Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары», – деп нақтылады комитет төрағасы.
Қытай азаматтарына қатысты дерек
2024 жылы Қазақстанға 719 000 Қытай Халық Республикасы азаматы келген. Олардың 2000-ы көші-қон тәртібін бұзған, ал 400-і елден шығарылған.
«Бұл 400 адам 30 күндік уақытша болу режимін бұзғаны үшін елден шығарылды», – деді Аталықов.
223 мың шетелдік Қазақстанда тұрақты тұрып жатыр
Қазіргі уақытта Қазақстанда 223 000 шетелдік азамат тұрақты тұрып жатыр. Олардың арасында:
- 89 000 — Ресей азаматтары (оның 30 мыңы — этникалық қазақтар),
- 40 000 — Өзбекстан азаматтары (жартысына жуығы — этникалық қазақтар),
- 15 000 — Қытай азаматтары, оның ішінде 12 000-ы этникалық қазақтар.
Қазақстан азаматтығын алғандар: 12 мың — этникалық қазақтар
Жыл басынан бері 14 700 адам Қазақстан азаматтығын алған, оның 14 300-і жеңілдетілген тәртіппен, ал олардың 12 000-ы — этникалық қазақтар.
«Этникалық қазақтар негізінен Өзбекстан мен Қытайдан келеді. Биылдың өзінде 5200 адам Өзбекстаннан келген», – деді Аталықов.