Алматы қаласында 20 қыркүйек күні өзінің мерейтойлық жылын бастаған «BAIQONYR» кинофестивалі жаңа серпінмен өріс алды. Халықаралық деңгейде төртінші рет ұйымдастырылған кинотанушылар мен киносыншылар форумы биыл да маңызды оқиғаларға толы болды. Іс-шара аясында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі бағыттарға қоса жаңашылдықтар да енгізілді. Оларға келсек, кинотанушылар жұмыстарының байқауы, панельдік сессия мен авторлық лекциялардан бөлек осы жылы Critics Lab та орын алды. Аталмыш шығармашылық зертхана Күләш Бәйсейітова атындағы ҚазҰӨУ мен Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның кинотанушы студенттерінің басын қосты. Соның арқасында болашақ мамандарға біліктілігін арттыру үшін кеңістік құрылды деуге болады. Ендігі кезекте форумның құрама бөліктеріне жеке тоқталып өтелік.
Іс-шараның ашылуы 2024-2025 жылғы кинотанулық жұмыстардың байқауының марапаттау рәсімінен бастау алды. Нәтиже бойынша жеңімпаз атанғандар: үздік студенттік жұмыс номинациясында – Ғайша Аманжол, үздік телебағдарламада – Дархан Әбдік, үздік мақалада – Гүлім Көпбай дараланып, ал кинотану саласына қосқан үлесі үшін сыйлық Назира Мұқышевағатабысталды. Бұл марапаттар бір жылдық еңбектің жемісі әрі мамандардың жаңа белестерге көтерілгенінің айқын дәлелі болды.
Авторлық дәрістер қатарынан да мәнді ойлар тыңдалды. Сібірдің этникалық киносы туралы Сергей Анашкин сөз қозғаған еді. Ол тува, хакас, алтай, бурят және якут халықтарының кинематография кеңістігінде жүздескен қиыншылықтарына назар аударды. Тұрақты қаржылы қолдаудың болмауы кино үрдістердің іске асуын айрықша қиындататыны анық. Оған қоса, қазіргі таңда ұлттық идентификация да басты мәселеге айналып отқанын ескерген болатын. Дегенмен, Сібірдің этникалық киносы бір нүктеде тұрып қалған жоқ. Жолда кезіккен ауыртпашылықтардың өзі дамуға ықпалдасуда. Қуат Садықов айтқандай, көркем шығармадағы қақтығыс сюжетті қалай дамытса, өмірде де дәл сол заңдылық шындыққа ұласады. Аймақтық кино жайлы ойды әрі қарай Сардана Саввинаұластыра кетті. Ол өз кезегінде «Саха киносының тарихы мен заманауи тенденциялары» атты тақырыпқа көңіл бөлді. Лекция барысында саха киносының қалыптасуы, өрбуі мен халықаралық аренаға шығуы жайлы ақпарат берілді. Жоғарыда атап өткендей, қаржылы мәселелер мен коммерциялық фильмдердің басым ете бастауы кедергі болғанымен де, аудитория тарапынан қызығушылық артпаса, бәсеңдемеуде.
Султан Усувалиев болса, осы жылы «Кодтау шеберлері немесе қырғыз киносындағы бір тенденция жайлы» ой толғауын ауқымдады. Нәтижесінде Толомуш Өкеев, Актан Арым Кубатсияқты беделді режиссерлердің шығармашылығына сілтеме жасалына отырып, заманауи туындылардың осал тұстары да ортаға салынды. Тыңдармандар өздеріне қажетті түйін алу мүмкіндігін жіберіп алмаса керек. Айта кетсек, алдыңғы жылы қырғыз кинотанушысы«Деректі кинодағы реконструкция» тақырыбына тоқталған еді. Ал осы жылы бұл бағытқа өз баяндамасында Лилия Немченко жүгінді. «Кинематографиядағы шынайылылық режимдері: деректі фильмнен анимадокқа дейін» дәрісінде люмьерлік және мельесшіл бағыттарды заманауи контекстке көшірді. Біріншіден, дәрісші деректіліктің мән-мағынасына тоқтала, ресейлік режиссер Марина Разбежкинаның сөзін арқау етеді: «Кинематографист/деректі кино режиссері – пейзажды анықтаушы». Екіншіден, шынайылылықтың шекараларын анықтап өтеді. Солайша ойды «анимадок» жанрының шарттылықтарына жетелеп, оның заманауи ортада психотерапевттік функция атқаратынын дәлелдеді.
Ресейлік мамандардың дәрістерінің мазмұны туралы толғауды жалғастырсақ, Андрей Апостолов, Елена Русинова мен ЕвгенийМайзельға көшелік. Андрей Апостолов зерттеу өзегін «Адам және тарих. Кеңес және орыс киносындағы кейіпкердің ұлы тарихпен қарым-қатынасының эволюциясы» сұрағына арнады. Әртүрлі фильмдерден үзінді ұсына, тарихи жадының бейне құруға қаншалықты әсер ететінін негіз қыла білді. Елена Русинова «Кинодағы үнсіз сахналардың эстетикасы» жайлы сөз қозғады. Үнсіздіктің астарында жасырынған ақиқатты іздеу талпыныстарын жалпылау осы күнге дейін қалыптасқан әдістердің жинақталуын нығайтты. Алайда, Е. Русинова символикалық себептерден тыс, дыбыс режиссурасының техникалық мүмкіндіктерін де ескергенін естен шығармаған жөн. Евгений Майзельдің таңдауы болса, кино теориясы өрісіндегі әйел киносыншылардың рөлі жайлы танымдық дәріс өткізуге шектелді. Ол Жермен Дюлак, Майя Дерен және Лора Малвисынды қайраткерлердің еңбектеріне баса назар аударды. Әрине, атап өткен тұлғалардың бастамаларын тек феминистік бағытпен шектеуге келмес. Десек те форумның биылғы тақырып бағдары осы дискурсқа тікелей байланысты. Сондықтан да Е. Майзель таңдау шеңберін өзекті мәселелерге дейін кішірейтті. Онымен қатар, әйел тақырыбын көтеру мақсатында көркем және деректі фильмдерге байланысты панельдік сессиялар да өткізілген болатын.
«Арман арқалаған әйелдер, жан дүниесі бар фильмдер» панельдік сессиясы көркем кино әлемін қамтыды. Бұл іс-шарада МолдиярЕргебековтың модераторлығымен қоса сөз қозғағандар: Гүлнара Әбікеева, ГульбараТоломушова, Сардана Саввина, Инна Смаиловамен Мариям Оганян. Отырыстың басты идеясын Молдияр Ергебековтың сөзімен түсіндіруге болады: «Әйел кинематографистер өз бейнелерінің репрезентациясының дұрыс, ұқыпты әрі әділ болғанын қалайды». Аталған мақсаттың орындалуының сәттілігінің ықтималдығы әйел адамдардың қолында жоғарырақ екендігі сөзсіз. Бұған Гүлнара Әбікеева да тиісті назар аударып кетті. Оның пайымдауынша, әйел режиссерлердің санының өсуі гендерлік репрезентацияның кейпін өзгертуде. Атап айтқанда, заманауи іскерлерге Шарипа Оразбаева, Айжан Қасымбек, АсельАушакимова мен Малика Мұхамеджанды жатқыза аламыз. Және де бұл тек Қазақстанды емес, барлық әлемді құрайтын тенденциялық өзгеріс. Осы орайда Гульбара Толомушовақырғызстандық Самара Сағымбаева мен Дальмира Төлепберген тәріздес режиссерлердің мансабына, жетістіктеріне көңіл аудартты. Халықаралық фестивальдерге жолдама алудан сүрінбеу – ұсынылған тұжырымдамалардың айқын дәлелдемесі.
Келесі күні дәл осы сұрақтар «Шындықты арқалаған әйелдер, жадысы бар фильмдер» панельдік сессиясында деректі кино айналасында ауқымдалды. Бұл жолы талқыға Бану Рамазанова, Айдос Сейтжан, Айгюн Асланова, ЖазгульИбраимова, Катерина Суворова мен Фариза Танай қосылды. Әзірбайджандық кинотанушы Айгюн Асланова басты сұраққа көшпес бұрын, қоғамдық жағдайдың қандай өзгеріске ұшырағаны туралы түсінік қалыптастырып өтті. Гендерлік теңдік мәселесінің көзге, құлаққа жетілуі үшін күрес жүргізілгенін мәлімдеді. Дегенмен, қоғаммен қатарлас мәдениет саласында да біртіндеп дүниетанымдық трансформация жүріп жатыр. Соның арқасында әйел режиссерлердің мүмкіндіктері артуда. Қырғызстандық деректі кино жайлы ЖазгульИбраимова ой бөлісуін көкейкесті сауалдардан бастады. Анығырақ айтқанда, деректі кино саласының дамуын алға шығару керек екендігі ескерілді. Кейіннен қазіргі авторлардың аудитория алдында тұйықталмай, тәуекелге барудан қорықпайтынын да атап өтті. Қызығы, әңгіме арасында «Bishkek Documentary Lab», «Умут», «Азияның шығармашылық әйелдерінің фонды» және «Tartaly» тақілеттесплатформалардың маңызы да түйінделді. Осының арқасында өткен мен бүгінгі күннің тоғысындағы әйел кинематографистерінің үні мен сыры бізге де жеткізілуде.
2023 пен 2024 жылдарғы форум аясында Инна Смаилова мен Адиля Хайбуллина әйел кейпінің жетекші орынға ауысқанын баяндамаларында атап өтіп еді. Ал бүгінгі күні талқылау өрісі ұлғая түсті. Жылдан жылға тақырыптың ауқымдылығы кеңейіп, ұлтаралық қатынас арқылы да ашық дискуссияға түсіп жатқандығы – сұраныстың айнасы.
Осымен форумның аясындағы шаралар аяқталып қалған жоқ. Атап өткенде, монографиялар мен кітап презентациялары да өз орнын тапты. Монографиялар: Андрей Чупринский «Экрандық өнер экологиясы», Аида Машурова «Қазақстан мен Орталық Азияның көркем киносындағы әйел бейнесі». Екінші монография бұған дейін талқылап өткен панельдік сессиялардың өзегіне қорытынды бола алатындай жазба. Әр елдің өкілдерінің толғаныстарынан кейін аталмыш зерттеу тұжырымдамалардың өзіндік жүйелік формасын ұсынады. Онымен қатар, Гүлнара Әбікеева өзінің «Тәуелсіз Қазақстан киносы» аттас кітабын ұсынды. Жаңа толқын кезеңінен бастап тарихқа көз жүгіртуге мүмкіндік беретін туынды қауымды қызықтыра білді. Сатылымға қойылған кітаптар бірден оқырмандардың қоржындарына жиыла бастады. Тоқталып өткен әрбір жиын жаңа буынды тәрбиелеуге, ғылыми пікірталас алаңын тұрақтандыруға және халықаралық тәжірибені тоғыстыруға бағытталған терең мәдени платформаның маңыздылығын айқындаудан сүрінбеді.
Осы жылдың “BAIQONYR” кинофестивалі өз мерейтойын атап өту арқылы тек дәстүрлі шаралардың жалғасы емес, жаңа мәдени белеске көтерілуге ұмтылыс екенін көрсетті. Форумның мазмұны мен ауқымы аймақтық киноның қазіргі жағдайына да, оның болашақтағы бағдарына да терең бағдар берді. Сұхбаттар мен пікірталастар қазақ кинотануының кәсіби салмағын арттырып қана қоймай, оны халықаралық деңгейдегі мәдени процестермен астастыра түсуде.
Фестивальдің мәні үздіксіз қозғалыста жатыр. Жас мамандарға арналған зертханалардың пайда болуы, ғылыми еңбектердің жарық көруі, тәжірибенің алмасуы – мұның бәрі болашақтың мықты іргетасы қаланып жатқанын білдіреді. Сондықтан да, Халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы жаңа теориялық және шығармашылық ізденістерге дем беретін орталыққа айналып келеді. Қазақстандық және көрші елдердің кинотануындағы серпін – осы іс-шараның арқасында бір арнаға тоғысып, жаһандық мәдени диалогтың мазмұнды бөлігіне айнала алады.
Қуандық Әзиза
Киносыншы