Ақмола облысы, Егіндікөл ауданында 130 гектар жерге байланысты дау туындады. «Сали» және «Рустам» шаруа қожалықтары бір жерге таласып, мәселе сотқа дейін жеткен.
Конкурстан басталған дау
2024 жылы өткен жер комиссиясының конкурсында «Сали» шаруа қожалығы жеңімпаз деп танылған. Қожалық иесі Серік Смайылов 10 жылдан астам уақыт бойы егін егіп келеді. Жеңіс жарияланғаннан кейін қуаныш ұзаққа созылмай, бәсекелес қожалық – «Рустам» сотқа жүгінді.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алексей Кантемировтың айтуынша, алғашқы сот инстанциясында әкімдік пен «Сали» жеңген. Алайда аппеляциялық сот басқа шешім қабылдаған.
Даудың түпкі себебі
Конкурс ережесіне сәйкес, жер орналасқан ауылдық жерде тұратын шаруаларға қосымша 10 балл беріледі. Бірақ «осы аймақ» ұғымы нақты анықталмаған. Бұл – тек ауылдық округті ме, әлде тұтас ауданды ма қамтиды деген сұрақ ашық қалған. Осы түсінбеушілік даудың ушығуына себеп болды.
Заңгер Мұрат Ахметовтың айтуынша, конкурстық комиссия толық аудан тұрғындарын ескергенін алға тартқан. Ал аппеляциялық сот керісінше, тек ауылдық округті ғана есепке алу керек деген шешім шығарған.
Жерді кім игеріп жатыр?
Даулы жерге қатысты сот шешімі шықпай тұрып-ақ, алқапқа егін егілген. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, жер қазір ешбір қожалыққа тиесілі емес, заң бойынша әкімдік меншігінде болуы тиіс.
Соңғы сөз – сотта
Ертең кассациялық сот осы дауға нүкте қоюы тиіс. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай бір ғана ауданның мәселесі емес. Жер конкурсының ережелеріндегі түсініксіз тұстар кез келген өңірде осындай дауларға алып келуі мүмкін.
👉 Сіз қалай ойлайсыз? Жер кімге берілуі тиіс: көп жылдан бері еңбектеніп келе жатқан шаруашылыққа ма, әлде жаңа талапкерге ме?