Атыраудағы «Абырой авто» дауы: көлігін заңды сатып алғандар да зардап шегіп отыр (видео)

Атыраудағы «Абырой авто» автосалонына қатысты қылмыстық істің төңірегінде дау-дамай әлі де басылар емес. Мәселе тек көлігін салонға сеніп тапсырған, бірақ ақшасын ала алмаған азаматтарда ғана емес, заңды түрде көлік сатып алған адамдарға да тиіп отыр. Tiek.kz редакциясына зардап шеккен азаматтар арызданып хабарласқан болатын.

Қос тараптың жағдайы

Ашық деректерге сүйенсек, 100-ден астам көлік иесі автосалонмен келісімшарт жасап, көліктерін тапсырғанымен, тиісті қаражатын ала алмаған. Бұдан бөлек, басқа азаматтар бар — олар автосалоннан өз қаражатына көлік сатып алып, тиісті мемлекеттік органдарда тіркетіп, нөмір мен техникалық паспорт алған. Алайда дәл осы автокөліктер қазір тергеу органдарының шешімімен заттай айғақ ретінде айыптұрақтарға қойылған.

Конституциялық құқық мәселесі

Жаңа иелерінің айтуынша, олар көлікті заңды жолмен сатып алып, барлық рәсімдерді заң аясында өткізген. Конституцияның 26-бабын алға тартқан азаматтар заңды иеленген мүлкінен тек сот шешімі арқылы ғана айыра алады деп отыр. Алайда, көліктерін тергеу органдары сот үкімі шықпай жатып тартып алғанын заңсыз санайды.

«8 тамыз күні өзіме ұнаған көлікті таңдап, өзім тапқан адал еңбегіммен сатып алған болатынмын. Ол автокөлікті 29 тамызға дейін мініп жүрдім. 29 тамыз күні кешкі сағат 9-10 шамасында Атырау облысының полиция департаментінің жеке ұйғарымы бойынша Астана қаласының полиция өкілдері және де Атырау қаласынан келген полиция қызметшісі келіп алып кетті. Ол көлікті алып кеткен кезде «Бұл көлік кезінде алаяқтық операция арқылы сатылған көлік» деп түсіндірді. Сол кезде тәркілеу бойынша қаулыны да көрсеткен жоқ және соттың шешімі болған жоқ ол жерде»

Нұрдәулет Асқарбеков — көлік иесі

Атыраудағы «Абырой авто» дауы: көлігін заңды сатып алғандар да зардап шегіп отыр (видео)
Фото: Tiek.kz

Тергеу ұстанымы

Полиция департаментінің ресми жауабы

Атырау облыстық полиция департаменті былай деп хабарлады:

«Атырау облысы полиция департаментінің Тергеу басқармасы аса ірі көлемде алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен екі азаматты ұстады. Соттың санкциясымен оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс бойынша қажетті кешенді тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы компанияның әрекеттерінен зардап шектім деп арызданған азаматтардың саны 98-ге жетті. Тергеу барысында келтірілген шығын көлемі есептеліп, өзге де жәбірленушілерді анықтау жұмыстары жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», – делінген хабарламада.

Сонымен бірге полиция азаматтарды сақ болуға, күмәнді компанияларға жеке деректерді бермеуге және күмәнді ұсыныстарға бірден келіспеуге шақырды.

Қалалық прокуратураның ресми жауабы

Атырау қалалық прокуратурасы да түсініктеме берді:

Азаматтардың талабы, депутаттың кеңесі

«Атырау қалалық Полиция басқармасымен «Абырой Авто» ЖШС-нің қызметкерлеріне қатысты алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Аталған қылмыстық іс бойынша 100-ден астам тұлға жәбірленуші ретінде танылып, залал көлемі 1 250 400 000 теңгені құрайды.

Күдіктілерге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс аясында ҚПК-тің 161-бабының 1-бөлігіне сәйкес 104 автокөлік заттай дәлелдеме ретінде танылып, тыйым салынды. Бұл шара – үшінші тұлғаларға заңсыз беріліп кетуін болдырмау және мүліктік өндіріп алу шараларының орындалуын қамтамасыз ету үшін қабылданды.

Бұл шешім Атырау қалалық тергеу сотымен санкцияланған.

Автокөліктердің тағдыры ҚПК-тің 118-бабының 3-бөлігіне сәйкес үкім шығару кезінде сотпен шешіледі», – делінген ресми хабарламада.

Көлік иелері өздерінің мүлкін сақтауға қолхат арқылы қайтарып беруді сұрайды. Өйткені олар көлікті әрі қарай сата да алмайды, ресми жүйелерде шектеу қойылған. Депутат Абзал Құспан да «сақтау қолхаты» деген тетіктің бар екенін айтып отыр. Алайда, оны қолданудың реттілігі бар екенін де ескертіп өтті.

«Қылмыстық-процестік кодексте біз құқықты береміз тергеуге, прокурорға. Өйткені әрбір жағдайды алдын ала кодексте жазу мүмкін емес қой. Енді соны сол құқық қолданушылар дұрыс қолдану керек. Азаматтардың өзіне сақтауға беріп, тиісті қолхат алып «Мен егер жойып жіберсем, сатып жіберсем жауапкершілікті арқалаймын, толық шығынды өндіріп беремін» — деп. Бірақ көлікке байланысты проблема бар. Өйткені көлік — жылжитын мүлікке жатады. Бұл — қауіп-қатері жоғары активке жатады. Ол жол-көлік апатына түсіп қалуы мүмкін, ол бір жерге апарып жарамсыз қылып тастауы мүмкін. Сондай бір проблемасы бар»

Абзал Құспан — Мәжіліс депутаты

Дегенмен бұл адамдарға күнделікті тіршілік пен жұмыста көлік қажет.

Ашық сауалдар

  • Неге адал сатып алушы кінәлілермен қатар зардап шегуі тиіс?
  • Неге көліктер иелеріне уақытша қайтарылмайды?
  • Неге полиция мен прокуратура бұл мәселеге назар аудармай отыр?

Қазір «Абырой авто» ісіне байланысты алданған тарап та, заңды түрде көлік алған тарап та әділдікті талап етіп отыр. Соңғысы – конституциялық құқықтарының сақталуын сұрайды.

@tiekkz

Абырой авто дауы жалғасып жатыр

♬ оригинальный звук — Tiek желілік баспасы
Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―