Астанада ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр

2025 жылдың 4–10 шілде аралығында Астана қаласында жастар, жасөспірімдер және қыздар арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыс «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ұйымдастырылған.

Ауқымды додаға Азияның 25 елінен 300-ден астам спортшы қатысып жатыр. Қатысушылар қатарында Қытай, Өзбекстан, Үндістан, Вьетнам, Тайланд, Оңтүстік Корея, Кувейт және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.

Қазақстан құрамасы – ең үлкені

Чемпионатқа Қазақстаннан ең ірі құрама келген. Ел намысын 36 спортшы қорғап жатыр. Жас атлеттер жұлқи көтеру мен серпе көтеру жаттығулары бойынша сынға түседі. Жеңімпаздар жекелеген жаттығулар мен қос сайыс қорытындысы бойынша анықталады.

Жаңа кезең басталды

Бұл – Қазақстанда ауыр атлетикадан өтетін ең ірі халықаралық жарыстардың бірі. Бұған дейін еліміз мұндай деңгейдегі доданы 2014 жылы Алматыда өткізген болатын. Ол кезде ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты ұйымдастырылған.

Астанадағы бұл чемпионат – отандық ауыр атлетика үшін жаңа кезеңнің бастамасы. Сарапшылардың айтуынша, мұндай халықаралық іс-шаралар спорт саласындағы оң өзгерістердің көрсеткіші.


📣 Ұйымдастырушылар елордалықтарды және қала қонақтарын чемпионатқа келіп, болашақ чемпиондарға жанкүйер болуға шақырып отыр. Бұл – жазғы маусымдағы ең жарқын спорттық оқиғалардың бірі.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―