Қоғам
Тренд

Рудныйда қазақ тілінде оқытатын 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

2026 жылғы 5 ақпанда Рудный қаласында мемлекеттік тілде – қазақ тілінде білім беретін №8 жалпы білім беретін жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті

900 орынға арналған білім ордасы Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған «Келешек мектептері» Ұлттық пилоттық жобасы аясында бой көтерді.

Фото: Қостанай облысының білім басқармасы

Заманауи жабдықталуы және материалдық базасы

Жаңа мектеп заманауи білім беру стандарттарына сай толық жарақталған:

  • Оқу кабинеттері компьютерлік техникамен және интерактивті тақталармен, ал шет тілі кабинеттері лингафондармен қамтылған.

  • Жаратылыстану бағыты бойынша химия, биология, физика, информатика және робототехника кабинеттері, сондай-ақ зерттеу жұмыстарына арналған STEAM-зертхана жұмыс істейді.

  • Спорттық дайындық үшін 3 спорт залы мен хореография залы қарастырылған.

  • Еңбекке баулу шеберханаларына арнайы станоктар мен тігін жабдықтары қойылған.

Фото: Қостанай облысының білім басқармасы

Қосымша білім беру және мектеп ерекшеліктері

Фото: Қостанай облысының білім басқармасы

Мектепте қосымша білім беру аясында ұлттық рухты жаңғыртатын үйірмелерге ерекше көңіл бөлінген. Оқушылар «Дәстүрлі садақ ату» өнерін меңгеріп қана қоймай, төмендегідей дәстүрлі ойындар мен спорт түрлеріне қатыса алады:

  • Интеллектуалдық және ептілік ойындары: Тоғызқұмалақ, Бестемше, Бес тас (асық ату) және Ханталапай.

  • Ұлттық спорт түрлері: Қазақ күресі, Таяқ тартыс және Қазандоп.

Фото: Қостанай облысының білім басқармасы

Білім ордасының басқа да маңызды мүмкіндіктері:

  • Инклюзивті орта: Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифт, пандустар жұмыс істейді, арнайы санитарлық бөлмелер мен инклюзияны қолдау кабинеті жабдықталған.

  • Халықаралық ынтымақтастық: Мектеп Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өңірлік үйлестірушісі қызметін атқарады.

  • Жұмыс орындары: Жаңа нысанның іске қосылуы қалада 62 жаңа жұмыс орнын ашты, оның 34-і — педагог мамандар.

Ұлттық жобаның нәтижесі

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов атап өткендей, Рудныйдағы бұл нысан өңірде ашылған 4500 орындық 6 мектептің бірі. Мұндай білім ошақтары бұған дейін Арқалық, Қостанай қалаларында, сондай-ақ Заречный және Құсмұрын ауылдарында пайдалануға берілген болатын.

Фото: Қостанай облысының білім басқармасы

Жаңа мектептің ашылуы қаладағы қазақ тілінде білім беретін мекемелер желісін кеңейтіп, оқушылардың жан-жақты дамуына жаңа серпін береді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button