Дау — Eren Corporation ЖШС мен «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd» компаниясының Қазақстандағы филиалы арасында болып отыр. Жемқорлықтың символындай болған нысанның құрылысына қосалқы мердігер ретінде қызмет көрсеткен қазақстандық кәсіпкер келісімшарттағы міндеттемесін толық орындап, барлық тауарды жеткізіп бергенімен тиісті ақшасын алмаған.
2-3 ай болды. Ақшамыз түспей созыла берді. Сол кезде «сіздердің әкімдіктеріңіз, мемлекеттік органдарыңыз әлі төлеген жоқ, күте тұрыңыздар» деді. Ары күттік, бері күттік жарты жыл болып кетті. Сол кезде жаңалықтан көрдік «Астана банкке» салған ақшалардың банкрот болғанын. Бізге айтты «күте тұрыңдар, әкімдік шешіп береді. Ақшаларыңды міндетті түрде төлейміз» деді. Сонымен міне күтіп келе жатырмыз — дейді кәсіпкер Әлинұр Жеңіс

Үміті үзілген сәтте сотқа бермек болыпты. Алайда, сол уақытта ақшасын даулаған кәсіпкерді қабылдаған қала әкімдігінің лауазымды қызметкерлері күте тұруын сұрап, тоқтатқан көрінеді. Бірақ түбінде мәселе шешілмеген соң сотқа бергенде бәрі кеш болған.
Әлинұр Жеңіс күткеннен еш пайда жоқ екенін түсінген кезде сотқа жүгінеді. Алайда, талап арызын қабылдамай тастаған. Неге десеңіз — талап қою мерзімі, яғни 3 жылы өтіп кеткен. «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd» компаниясының заңгері сотта осы бапты назарға алуды талап етеді. Шынында да Қазақстанның заңнамасына сәйкес талап ету мерзімі 3 жыл. Шындап келсек соттың бұл шешімі заңды. Бірақ біз оны әділетсіз деп санаймыз. Кәсіпкер сотқа ерінгеннен жүгінбеді емес, ол қала әкімдігі өкілдерінің және Қытай компаниясы басшыларының уәдесіне сенгеннен кешігіп қалды. Өкінішке қарай сот талап арызды қабылдамай тастады. Аппеляциялық инстанция ол шешімді құптады. Ең қызығы сол — сот өз шешімінде «Eren Corporation ЖШС алдындағы 45 миллион теңге көлеміндегі міндеттеме орындалмағаны рас» деп жазады. Бірақ талап ету мерзімі өтіп кетуіне ғана сүйеніп талап арызды қабылдамай тастады — деп кәсіпкердің заңгері Айжан Алина құқықтық жағын түсіндіріп берді

Кәсіпкер бірнеше рет қала әкімдігінде, Көлік министрінің де қабылдауында болған. Олар да «сот шешімінен аса алмаймыз» деп шығарып салған. Мемлекеттің миллиардтары жұмсалып жатқан жобадан 45 миллион теңгесін ала алмай жүрген Әлинұр Жеңістің арызы Tiek YouTube арнасында