«Атамыз Отырарда жерленеді»: Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты орындалатын болды
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақынның өзі аманат еткен Арыстан баб кесенесінің маңына жерелу мүмкін емес екенін айтқан еді.

Ақын Мұхтар Шаханов Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерленетін болды деген ақпарат тарады.
Ақынның жиен немересі Қайырхан Балғабеков желідегі парақшасында жазба жариялап, атасының соңғы аманаты орындалатынын мәлім етті.
«Аллаға сансыз шүкір, атамның соңғы аманаты орындалатын болды. Атамыз Отырарда жерленеді», — деп жазған.
Бұл хабарды Қазақстан Жазушылар одағы да растаған.
Марқұмды шығарып салу рәсімі 21 сәуір күні сағат 9:00-де Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында өтеді. Ал денесі 22 сәуірде Арыстан баб кесенесінің маңындағы академик Өмірзақ Айтбаев пен Көпен Әмірбек жерленген зиратқа қойылады.
Дегенмен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақынның өзі аманат еткен Арыстан баб кесенесінің маңына жерелу мүмкін емес екенін айтқан еді.
«Арыстан баб пантеон-зираты емес, ол ең алдымен үлкен мәдени-рухани орталық, туристік бағытқа енген тарихи-мәдени нысан. Сондықтан ол жерге жаңа зираттар қазу адами тұрғыдан да, діни тұрғыдан да дұрыс болмайды деп санаймыз. Ал Мұхтар ағамызды тұлға қылған, ортасын кеңейтіп, рухын шыңдаған қала, зиялылардың ортасы – Алматы қаласы. Сондықтан артынан іздеп, дұға жасайтын жамағат ұлыларын Кеңсайдан табады. Ақынның туыстары осы мәселеге түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз», — деп жауап берген Аида Балаева Azattyq Rýhy редакциясының сауалына.
.



