Мұхтар Шаханов Отырар емес, «Кеңсай» қорымына жерленетін болды
Бұған дейін ақынның «Отырарға жерлеңдер» деген соңғы аманаты жарияланған еді.

Мұхтар Шаханов өзі аманат еткендей Отырар емес, «Кеңсай» қорымына жерленетін болды, деп хабарлайды tiek.kz.
Ақынмен қоштасу рәсімі Алматы қаласында 21 сәуір күні сағат 09:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді.

Бұған дейін ақынның «Отырарға жерлеңдер» деген соңғы аманаты жарияланған еді. Нақты айтар болсақ, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне қойыңдар деп өсиет еткен.
Ақынның ақырғы аманат хатын Uzhdan жобасының жетекшісі Назерке Шәкірбай жүктеген, деп хабарлайды tiek.kz. Ол ақын хәл үстінде жатқанда жары Ханшайым Шаханованың президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдағанын айтты. «Мұхтар Шаханов – тек ақын ғана емес, ол ұлттық намыстың символы, қазақ руханиятының асқар шыңы, саналы ғұмырын елінің азаттығы мен ана тілінің мәртебесіне арнаған ірі тұлға. Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты — өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлену»,– делінген хатта.



