«Таза Қазақстан» акциясына елордалық кәсіпкерлер атсалысты

Еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға және қоғамда жаңа экологиялық этиканы қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» стратегиялық жобасына кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдері белсенді атсалысып жатыр.
Бүгін елордамызда спорт кешенінің отызға жуық қызметкері қолға күрек алып, сенбілік ұйымдастырды. Олар тек өз аумақтарын тазартып, қаланың экологиялық инфрақұрылымын дамытуына үлес қосты. Сенбілік аясында тазартылған нысандардың ішінде ірі сауда орталықтары мен базарлар, қоғамдық тамақтану нысандары және өнеркәсіптік кәсіпорындар бар.
Кәсіпкерлер өз нысандарына іргелес аумақтарды қоқыстан тазартып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, нөсер және арық кәріздерін тазарту, қасбеттерді жуу және жөндеу жұмыстарын жасады.

«Таза Қазақстан» акциясы бағдарламасы бойынша бүгін өзіміздің нысанның айналасын жинап, тазартып, әртістердің бәрі атсалысып жатыр. Тазалықты сақтауымыз керек. Қаламыз әрқашан таза болуы керек. Еліміз әрқашан таза болып, әр адам осы жауапкершілікті сезінуі керек», — дейді Астанадағы «Alpha Gym» спорт кешенінің директоры директоры Амангелді Бақтыбаев.
Бұған дейін бизнес өкілдеріне тазалықты сақтау бойынша арнайы маусымдық ұсыныстар жазылған чек-парақшалар таратылған еді. Бұл құжаттар 250 мыңнан астам ШОБ субъектісін қамтыған.
Астана әкімдігінің хабарлауынша, 2024 жылы кәсіпкерлерге арнап тазалық пен тәртіпті жыл бойы сақтау бойынша ұсынымдары бар чек-парақшалар әзірлеген болатын. Маусымдық ерекшеліктер ескеріліп, олар төрт форматқа бөлінген – көктем, жаз, күз және қыс.
Өз аумақтарын тиісті деңгейде ұстауға арналған маусымдық жоспар Республика даңғылы бойында орналасқан жеке ұйымдарға таратылды.
«Алғаш рет екі жыл бұрын әзірленген арнайы чек-парақшалар әр маусымға бейімделген ұсынымдарды қамтиды және маусымдық ерекшеліктерді ескереді. Бұл акция қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтауға 250 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерін тартуға бағытталған. Бизнестің бұл жұмысқа белсенді қатысуы елорданың дамуына оң ықпал етеді», – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы Шухрат Жораев.



