Қоғам

«Экология және заң»: Елордалық мектепте «Таза Қазақстан» жобасы аясында сынып сағаты өтті

Елімізде «Таза Қазақстан» жобасы жай ғана сенбілік емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды қозғалысқа айналып үлгерді. Осындай үлкен жобаға Астанадаға білім беру мекемелері де үн қосып, арнайы сынып сағаттарын өткізе бастады.

Бүгін Астана қаласындағы №43 қосымша білім беру мектеп-орталығының 5 «в» сыныбында ерекше сынып сағаты өткізілді. Сынып сағаты мектептің жылыжайында өтті, деп хабарлайды tiek.kz.

«Экология және заң» тақырыбын арқау еткен шараның негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру», — дейді сынып жетекшісі Жүсіпжан Арайлым Аллабергенқызы.

Сабақ басында оқушыларға жылыжайда өзін-өзі ұстау ережелері таныстырылды және оқушылар табиғатты қорғаудың маңыздылығы, экологиялық заңдар мен ережелер туралы мәлімет алды.

Биология пән мұғалімі Мергенбек Жансұлу Серікқалиқызы оқушыларға қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік мәселелерін түсіндірді.

Сынып сағатында сұрақ-жауап, пікірталас, ойын және практика элементтері қолданылды. Өз кезегінде оқушылар да белсенді түрде қатысып, өз ойларымен бөлісті. Пікір алмасу барысында белсенді оқушылар экологиялық мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

«Сынып сағатының нәтижесінде оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасы қалыптасып, экологиялық заңдарды сақтаудың маңыздылығын түсініп,  қоршаған ортаға деген көзқарасымыз өзгерді», — дейді «Жас эколог» клубуның жетекшісі Секербаева Баян Салыковна.

Басында айтып өткеніміздей, мектептердегі мұндай жобалар өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр.

Нақты айтар болсақ, жас буынға эко-тәрбие туралы түсінік қалыптастырып жатыр. Яғни оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, қоқысты сұрыптау және ресурстарды (су, жарық) үнемдеу туралы ақпарат беріледі.

Практикалық іс-қимыл: Сынып сағаттарынан кейін мектеп ауласын көгалдандыру, ағаш отырғызу немесе «таза аула» акциялары ұйымдастырылады.

«Адал азамат» концепциясы: Табиғатқа жанашырлықпен қарау — әрбір оқушының бойындағы патриоттық сезімді оятудың бір жолы ретінде қарастырылады.

Мұндай сабақтар балалардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, тазалықты әдетке айналдыруға көмектеседі.

 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button