2031 жылға қарай ірі қара 12 млн басқа жетеді — АШМ
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары мал шаруашылығын дамытудың жаңа жоспарын таныстырды
Ақмола облысы Бурабайда өткен Dala.Camp Forum 2026 алаңында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын таныстырды.
Вице-министрдің айтуынша, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39 пайызын құрайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жеткен. Алайда жыл сайынғы 2–3 пайыздық өсім саланың әлеуетін толық ашуға жеткіліксіз.
2031 жылға дейінгі нақты межелер
Министрлік 2031 жылға қарай:
-
ірі қара санын 12 млн басқа дейін,
-
ұсақ малды 28 млн басқа дейін,
-
ет өндірісін 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін,
-
ұйымдасқан шаруашылықтардағы сүт өндірісін 1,4 млн тоннадан 2,1 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге ет экспорты екі есеге ұлғайтылмақ.
5–6% жеңілдетілген несие
Кешенді жоспар аясында:
-
жоғары өнімді мал сатып алуға 6% жылдық мөлшерлемемен ұзақ мерзімді несие,
-
айналым қаражатын толықтыруға 5% жеңілдетілген несие,
-
жайылым инфрақұрылымын дамытуға арналған бірыңғай кредиттік өнім іске қосылады.
Несиелер «Даму» қоры арқылы кепілдендірілмек. Қаржыландыру арналарын кеңейту үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тартылмақ.
Генетика мен эмбриондық технология
Өнімділікті арттыру үшін:
-
қолдан ұрықтандыруды ынталандыру,
-
жынысы алдын ала іріктелген тұқымды пайдалану,
-
эмбриондық көбею зертханасын құру мәселесі қарастырылуда.
Бұл шаралар жоғары өнімді төл алуды жеделдетуге бағытталған.
Экспорт географиясы кеңейеді
2025 жылы 16 ветеринарлық сертификат келісілген. Бұл Еуроодақ, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Иран, Ирак, Вьетнам және Парсы шығанағы елдеріне экспорт жасауға мүмкіндік береді. Биыл Қытай, Пәкістан және ЕО нарықтарына жаңа өнім түрлерін шығару жоспарланған.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекет нүктелік қолдаудан кешенді модельге көшеді. Кредиттеу, инвестициялық субсидия және инфрақұрылымдық қолдау біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс.
«Мал шаруашылығы – агроөнеркәсіп кешенінің тірек саласына айналуға тиіс. Бізге сапалық серпіліс қажет», – деді Бердалин форумда.



