Агро-стратегия
Тренд

Мектептерде агросыныптар ашылады — Вице-министр

Ақмола облысы Бурабайда өтіп жатқан DalaCamp форумында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин агросектордағы кадр тапшылығы мәселесін көтеріп, бірқатар жаңа бастаманы жариялады

Оның айтуынша, бүгінде кәсіби бағдар беру жұмысы жеткілікті деңгейде дамымаған. Соның салдарынан жастардың салалық мамандықтарға қызығушылығы төмендеп, ауыл шаруашылығы кадрлары жетіспей отыр.

Министрдің орынбасары бұл түйткілді шешу үшін мектеп қабырғасынан бастап ерте кәсіби бағдар беруді қолға алу жоспарланғанын айтты.

«Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы мектептерде пилоттық режимде аграрлық бағыттағы сыныптар ашу көзделіп отыр. Бұл жұмыс университеттер, колледждер және жұмыс берушілермен бірлесіп жүргізіледі», – деді Аманғали Бердалин.

Мұндай сыныптарда оқушылар агросалада практикалық дағды игеріп, болашақ мамандығын ерте таңдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар жануар шаруашылығы бағыты бойынша мемлекеттік білім беру гранттарына квота бөлу мәселесі де пысықталуда. Грант иегерлері оқуын тәмамдағаннан кейін кемінде үш жыл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істеуі тиіс.

Форумда жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар да сөз болды. Вице-министр материалдық-техникалық базасы әлсіз университеттер тек теориямен шектелмеуі керектігін атап өтті.

Білім беру бағдарламалары өндірістік нысандарда, зертханалар мен ветеринарлық клиникаларда тәжірибе алуды қамтуы тиіс.

Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Министрлік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, шопандар мен малшыларға 55 жасқа толған соң арнайы әлеуметтік төлем беру тетігін қарастырып жатыр. Осыған байланысты нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізу ұсынылған.

Ветеринария саласындағы жағдай да алаңдатарлық. Қазіргі таңда бір ветеринар дәрігерге орта есеппен 1750 шартты мал басы жүктелген. Ал белгіленген норма — 750 шартты бас. Бұл саладағы жүктеменің шамадан тыс екенін көрсетеді.

Министрдің орынбасары ветеринариялық қызметті күшейту үшін еңбекақы деңгейін көтеріп, мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасау қажет екенін айтты.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button