Әлем

Ирандағы наразылық кезінде қаза тапқандар саны қанша?

Алғаш ресми деректер жарияланды

Иран билігі елде бірнеше аптадан бері жалғасып келе жатқан жаппай наразылықтарға байланысты адам шығыны туралы алғаш рет ресми мәлімет ұсынды. Бұл жөнінде Kazinform хабарлады. Бұған дейін тек бейресми деректер ғана айтылып келген болатын.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, соңғы оқиғалар кезінде 3117 адам қаза тапқан. Бұл ақпаратты Азап шегушілер мен ардагерлер істері жөніндегі мемлекеттік қор жариялады. Аталған мекеме 1979 жылдан бері елдегі адам шығынын есепке алып келеді.

Ресми мәлімдемеде қаза тапқандардың 2427-сі бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік құрылымдарының өкілдері екені көрсетілген. Қор таратқан деректер елдің сот жүйесіне қарасты сот медицинасы ұйымының есебіне негізделген.

Билік соңғы оқиғаларды «лаңкестік сипаттағы әрекеттер» ретінде бағалап отыр. Ресми түсіндірмеге сәйкес, құрбандардың едәуір бөлігі тәртіпсіздіктер кезінде болған ретсіз атыс пен көшедегі зорлық-зомбылықтың салдарынан көз жұмған. Сонымен қатар билік шеруге қатысушылардың бір бөлігін «ұйымдасқан террористік топтар өлтірген» деген нұсқаны алға тартты.

Бұл — 2025 жылдың желтоқсан айының соңында басталған наразылықтардан бергі алғашқы ресми есеп.

Наразылық толқыны әуелі Тегеранда экономикалық қиындықтарға байланысты өршіді. Ұлттық валютаның күрт құнсыздануы, инфляцияның өсуі және тұрмыс деңгейінің төмендеуі халық наразылығын күшейткен. Кейін бұл толқу елдің басқа қалаларына да тарады.

Ал бұған дейін жарияланған бейресми деректер мүлде өзге көріністі көрсеткен. АҚШ-та орналасқан әрі Иран билігін сынға алатын HRANA ақпарат агенттігі қаза тапқандар саны 4500 адамнан асқанын мәлімдеген. Ұйым олардың басым бөлігі бейбіт наразылыққа шыққандар болғанын хабарлаған.

Алайда Иран билігі мұндай мәліметтерді жүйелі түрде жоққа шығарып келеді. Президент Масуд Пезешкиан мен сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бұл ақпараттарды «саяси мақсаттағы асыра сілтеулер» деп атаған.

Наразылықтардың қайта күшеюіне елдің соңғы шахының ұлы Реза Пехлевидің халықты көшеге шығуға шақырған үндеуі де әсер еткені айтылады. Осыдан кейін елдің бірқатар өңірінде қақтығыстар жиілеп, полиция жүздеген адамның ұсталғанын хабарлады.

Тегеран ресми түрде АҚШ пен Израильді ел ішіндегі тәртіпсіздіктерді қоздырды деп айыптап, мемлекеттік және жеке нысандарға жасалған шабуылдарды сыртқы күштермен байланыстырды. Ал сот органдары зорлық-зомбылық пен вандализмге қатысқандарға қатысты жазаның жеңілдетілмейтінін мәлімдеді.

Оқиғалар халықаралық деңгейде де резонанс тудырды. АҚШ пен бірқатар еуропалық елдер Иранға қарсы қосымша санкциялар енгізді, ал Еуропарламент ирандық дипломаттармен байланыстарды шектеу жөнінде шешім қабылдады. Сонымен бірге Иран сыртқы істер министрінің Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумға шақыртуы кері қайтарылды.

Ресми статистика жарияланған соң Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесі соңғы оқиғаларды маусым айында болған 12 күндік қақтығыстың жалғасы ретінде бағалады. Кеңес мәлімдемесінде бұл жағдай «ұлттық бірлікті әлсіретуге бағытталған сыртқы қысымның көрінісі» деп сипатталды.

Айта кетейік, ахуалдың ушығуына байланысты Air Astana Иран әуе кеңістігінің жабылуына орай бірқатар рейстердің бағытын өзгертті. Ал Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі Иранда білім алып жатқан қазақстандық студенттердің қауіпсіздігіне қатысты түсініктеме берді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button