ӘлемСаясат
Тренд

Тоқаев пен Трамптың жылы жүздесуі

Давостағы кездесулер мен Бейбітшілік кеңесі

Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында қысқаша әңгіме өтті. Кездесу барысында америкалық көшбасшы Мемлекет басшысына Бейбітшілік кеңесін құру бастамасына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты, деп хабарлады Ақорда.

Бұл сауалға байланысты журналистердің сұрағына жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған ресми құжатқа назар аудартты. Атап айтқанда, «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» деп аталатын материалдың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы маңызды жетістік ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Дональд Трампқа ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыру жолында табыс тіледі.

Бейбітшілік кеңесіне 19 ел қол қойды

Давоста АҚШ президенті Дональд Трамп Газа бойынша Бейбітшілік кеңесінің құрылғанын ресми түрде жариялады. Ол өз сөзінде бұл бастаманың Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталғанын айтып, әлем елдерін кеңеске қосылуға шақырды.

Ресми қол қою рәсімі алдында шамамен 20 минут сөйлеген Трамп кеңес мүшелерін «жұлдыздар» деп атап, олардың қатарында «әлемдегі ең ықпалды көшбасшылар» бар екенін мәлімдеді.

– Бұл кеңестің бұрын-соңды құрылған ең ықпалды халықаралық органдардың біріне айналуға әлеуеті жеткілікті, – деді ол.

Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына 19 мемлекеттің басшысы қол қойды. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.

Құжатқа сондай-ақ Әзербайжан, Аргентина, Армения, Бахрейн, Болгария, Мажарстан, Индонезия, Иордания, Қатар, Марокко, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Парагвай, Сауд Арабиясы, Түркия, Өзбекстан және Косово өкілдері қол қойды.

Давостағы кездесулер

Ақорданың мәліметінше, Давос форумында Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар халықаралық тұлғамен жүздесті. Мемлекет басшысы:

  • Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен,

  • Премьер-министр Никол Пашинянмен,

  • Индонезия Президенті Прабово Субиантомен,

  • Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен,

  • АҚШ Сауда министрі Говард Латникпен,

  • ФИФА президенті Джанни Инфантиномен

қысқаша әңгіме жүргізді.

Трамптың Газадағы жоспарлары

CNN мәліметінше, рәсім барысында Дональд Трамп Газаны «тамаша жер» деп атап, оны қайта құру идеясына тоқталды.

– Мен жылжымайтын мүлікке жақын адаммын. Ал бұл жерде орналасу өте маңызды. Теңіз жағасындағы бұл аумақ – әдемі, ерекше жер. Оның әлеуеті зор, – деді АҚШ президенті.

Ол сондай-ақ Бейбітшілік кеңесі Таяу Шығыста бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында БҰҰ-мен бірлесіп жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Осылайша Давос алаңында Қазақстанның халықаралық бастамаларға белсенді қатысуы, сондай-ақ Мемлекет басшысының жаһандық қауіпсіздік пен диалогты нығайтуға бағытталған ұстанымы тағы бір мәрте айқын көрінді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button