Полицейлер 4 балықшыны құтқарды (Видео)
Павлодар облысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қатты аяз кезінде Екібастұз маңындағы су қоймасында мұз ойылып, көлік суға кеткен оқиға тіркелді.
Polisia.kz мәліметінше, 07:33 шамасында Екібастұз қаласындағы су қоймасында Mitsubishi Delica маркалы автокөлік мұз астына түсіп кеткен. Көлік ішінде балық аулауға шыққан төрт ер адам болған.
Оқиға туралы хабар түсе салысымен учаскелік полиция инспекторы Архар Оспанов жедел түрде оқиға орнына жетіп, балықшылардың нақты орналасқан жерін анықтаған. Кейін ол координаттарды жедел-тергеу тобы мен төтенше жағдайлар қызметіне жолдаған.
Құтқару жұмыстары нәтижесінде төрт азамат та аман алып шығарылды. Алайда олар қатты тоңып қалған.
Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергеновтің айтуынша, балықшылардың суға түскен киімдері мұз болып қатып қалған.
«Олар бірден көлікке отыра алмады. Мұз болып қалған шалбарларын қайшымен кесуге тура келді. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, барлығы үсік белгілерімен ауруханаға жеткізілді», – деді полиция басқармасының бастығы.
Ведомство дерегінше, ер адамдар қатты аяз туралы ескертулерге қарамастан су айдынына шыққан. Мұз үстіне көлікпен шығып, құрал-жабдықтарын түсіргеннен кейін автокөлік бірден мұз астына кеткен. Көлікті судан шығару мүмкін болмаған.
Полиция қызметкерлері азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі әрдайым басты орында екенін атап өтті.
Сондай-ақ тұрғындарға аязды күндері алыс жолға шықпауға, су айдындарындағы мұздың қалыңдығын ескермей көлікпен жүрмеуге және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.



