Ауылдан хатАгро-стратегия
Тренд

«Мен алаяқпын»: Талапкерде 211 гектар жер 7 миллион теңгеге қалай сатылды?

Астана іргесіндегі Талапкер ауылында 211 гектар жердің небәрі 7 миллион теңгеге сатылуы ел назарын аударды.

Жүзден аса пай иесіне тиесілі жерге қатысты даулы іс сотта қаралып, серіктестіктің бұрынғы басшысы өз кінәсін ашық мойындады.

Бұл оқиға Tiek YouTube арнасында жарияланған материалда жан-жақты баяндалды.

«Тыныш жатқан ауылды екіге бөлді»

Ауыл тұрғындарының айтуынша, дау 2022 жылы серіктестік басшылығы ауысқаннан кейін басталған. Сол кезеңде жаңа басшы өзін заңсыз түрде директор етіп тағайындап, пай иелерін екі топқа бөліп, шешімдерді жабық форматта қабылдай бастаған.

Талапкер ауылының тұрғыны Раушан Жанпейісова бұл жағдайды былай сипаттайды:

«Тыныш жатқан ел едік. Келіп, өзін өзі сайлап, ауылды екіге бөлді. 101 пай иесі бармыз, соның бәрін бөліп, өзіне бөлек чат ашты. Бізді кіргізбей қойды. Сол кезден бастап жеріміздің тағдыры бізден тыс шешіле бастады», — дейді ол.

Фото: tiek.kz

Тұрғындардың сөзінше, кейін пайшыларға тиесілі жерлер қағаз жүзінде жеке тұрғын үй құрылысына ауыстырылып, үшінші тұлғаларға сатылуы мүмкін екені белгілі болған. Осыдан кейін ауыл халқы сотқа жүгініп, бірнеше рет өз пайдасына шешім шығартып алған.

Сот залындағы күтпеген мойындау

Сот процесі ерекше өтті. Айыпталушы жеке деректерін жариялауға қарсы болғандықтан, оның аты-жөні ашық айтылмады. Алайда ол сот залында өз кінәсін толық мойындап, ашық мәлімдеме жасады.

«Иә, мен кінәлімін. Мен алаяқпын. Сот әділ шешім шығарып, әділет толық орнасын», — деді ол сот барысында.

Фото: tiek.kz

Прокурордың айыптау актісіне сәйкес, айыпталушының ЖШС директоры ретінде тағайындалуы бұрынғы сот шешімдерімен заңсыз деп танылған. Соған қарамастан, ол электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, өзін бірнеше рет қайта басшы етіп көрсеткен.

Ақырында, бұрынғы сот шешімдеріне сәйкес мойнына ілінген қарызды жабу үшін сот орындаушысынан рұқсат алып, 211 гектар жерді саудаға шығарған. Жер 7 миллион теңгеден астам сомаға сатылған.

«Бізден ең қымбат нәрсені ұрлады»

Ауыл тұрғындары бұл істің салдары тек қаржылық шығынмен шектелмегенін айтады. Олардың айтуынша, дау ауыл ішіндегі татулыққа да ауыр соққы болған.

Талапкер ауылының тұрғыны Рамазан Қазбеков:

«Ол бізден ең қымбат нәрсені — денсаулығымызды, уақытымызды, ауылдың бірлігін ұрлады. Қазір Талапкер бірнеше топқа бөлініп кетті. Көрші көршіні көре алмай қалды», — дейді.

Фото: tiek.kz

Үкім және әкімдікке жеке қаулы

Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ 4 жыл бойы белгілі бір қызметпен айналысуына тыйым салынып, пробациялық бақылау белгіленді.

Сонымен қатар судья прокурордың жеке қаулы шығару туралы талабын қанағаттандырды. Енді Целиноград ауданының әкімдігі серіктестікке тиесілі жерлердің әрі қарай үшінші тұлғаларға сатылып кетпеуін және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуі тиіс.

211 гектар — аз жер ме?

Салыстыру үшін: Ватикан мемлекетінің аумағы — 44 гектар. Ал дауға себеп болған жер көлемі одан шамамен бес есе үлкен. Даудың түпкі мәні — жердің бағасында емес, сеніп тапсырылған мүліктің заңсыз әрі тиімсіз пайдаланылуында.

Сот үкімі шыққанымен, тұрғындарды толғандырған басты сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр: аудан әкімдігі бұл түйінді мәселені қалай шешпек? Tiek.kz оқиғаның әрі қарайғы дамуын бақылауда ұстайды.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button