Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілуі салтанатты түрде аталып өтті

Жетісу облысында Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілуіне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Қазақстанның халық әртістері Болат Әбділманов, Лидия Кәденова, Дулыға Ақмолда, театр ұжымы, зиялы қауым өкілдері мен өнер сүйер қауым қатысты.

Алдымен театр ғимаратының маңдайшасындағы жаңарған атау салтанатты түрде ашылды. Одан кейін шара театр ішінде жалғасып, қонақтар театр негізін қалаушылардың бірі, сахна саңлағы Бикен Римова бюстіне гүл шоқтарын қойды.

Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілуі салтанатты түрде аталып өтті
Фото: Жұмабай Мұсабеков

Жетісулық театр ұжымын жаңа мәртебесімен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл жыл театр үшін айрықша маңызды болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қыркүйек айында театрдың 50 жылдық мерейтойы мен дәстүрлі BIKEN FEST халықаралық фестивалі қатар өтіп, көп ұзамай Мемлекет басшысы театрға академиялық мәртебе беруге лайық екенін атап өткен.

Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілуі салтанатты түрде аталып өтті
Фото: Жұмабай Мұсабеков

«Бұл жетістік – бүгінгі ұжымның ғана емес, осы театрда ұзақ жылдар еңбек еткен аға буын өкілдерінің маңдай терінің жемісі. Академиялық мәртебе – театрдың жаңа дәуірі мен жұлдызды шағының бастауы болады деп сенемін», – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында Қазақстанның халық әртістері Алмахан Кенжебекова мен Болат Әбділманов, сондай-ақ театр директоры Ерлік Жуасбек сахна ұжымына жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Алмахан Кенжебекова театр тарихының бастауында тұрғанын айтып, жарты ғасырлық шығармашылық жолдың үлкен еңбектің нәтижесі екенін жеткізді. Ал Болат Әбділманов Талдықорған театрының өңір руханиятындағы орны ерекше екенін атап, «академиялық» атақ ұжымға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.

Мерекелік шара соңында театр өнерпаздары көрермен назарына Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын ұсынды.

Бикен Римова атындағы драма театрына академиялық мәртебе берілуі салтанатты түрде аталып өтті
Фото: Жұмабай Мұсабеков

Айта кетейік, Талдықорған қаласындағы бұл театр 1975 жылы құрылған. 50 жыл ішінде оның репертуары 200-ден астам қойылыммен толығып, қазақ және әлемдік классика сахнада жаңаша үн қатты.

Еске сала кетсек, биыл мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы театрға академиялық мәртебе беру туралы бастама көтерген болатын. Соның негізінде 2025 жылғы 2 желтоқсанда Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданып, Бикен Римова атындағы драма театры ресми түрде Академиялық театр мәртебесіне ие болды.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―