Моңғолиялық әнші Мишель Джозеф Silk Way Star халықаралық жобасының жеңімпазы атанды

Астанада өткен алғашқы азиялық вокалдық мегажоба Silk Way Star-дың гранд-финалында Моңғолия өкілі Мишель Джозеф жеңімпаз атанды. Халықаралық шоу Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді.

Silk Way Star — Азияның 12 елін біріктірген, вокал өнерін жаңа деңгейге шығарған ең ауқымды жобалардың бірі. 10 эпизод бойы Қазақстан мен шетелдегі миллиондаған көрермен қатысушылардың өнерін бақылап отырды.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды

Гранд-финалда Қазақстан Президентінің құттықтау хатын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин оқып берді.

Президент Silk Way Star жобасын:

«Азия елдерінің рухани байланысын нығайтатын, халықтар арасындағы достықты тереңдететін бірегей бастама»
деп атап өтті.


Жарысқа жеті елдің үздік орындаушылары шықты

Финалға Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Малайзия, Моңғолия және Өзбекстанның ең мықты жеті әншісі жолдама алған. Әр қатысушы өз елінің мәдениетін көрсететін ән орындап, бірегей сахналық қойылым ұсынды. Визуалдық контент пен костюмдер қазақстандық стилисттер тобы дайындаған.


Жеңімпазды Димаш Құдайберген жариялады

Silk Way Star жеңімпазының есімін Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген жариялады:

Моңғолиялық әнші Мишель Джозеф Silk Way Star халықаралық жобасының жеңімпазы атанды
Фото: Jibek joly телеарнасы

«Silk Way Star жобасының жеңімпазы — Моңғолия! Мишель Джозеф!»

Залда отырып және онлайн дауыс берген көрермендер бұл сәтті ерекше ықыласпен қарсы алды.

Жеңімпазды марапаттау үшін сахнаға China Media Group өкілі Ван Дэлу және Телерадиокомплекс бас директоры Раушан Қажыбаева шықты.

Моңғолиялық әнші Мишель Джозеф Silk Way Star халықаралық жобасының жеңімпазы атанды
Фото: Jibek joly телеарнасы

Раушан Қажыбаева жобаның жүзеге асуына үлес қосқан қазақстандық және қытайлық командаларға алғыс білдіріп, Silk Way Star-ды жаңа мәдени дипломатия алаңы деп атады.


Жеңімпаз қалай анықталды?

Бағалау жүйесі екі бөліктен тұрды:

  • 50% — халықаралық қазылар алқасының бағасы
  • 50% — көрермендердің silkwaystar.org сайтында онлайн дауыс беруі

Бұл жүйе жобаның әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етті.


Жоба трансляциясы бірнеше елде қатар өтті

Гранд-финал:

  • Қазақстанда — Jibek Joly арнасында
  • Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолияда — серіктес телеарналарда

көрсетілді.

Silk Way Star жобасы Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені мен Қытайдың China Media Group (CMG) арасындағы келісім аясында жүзеге асып жатыр.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―